Euronews қазақ тілінде хабар тарата бастайды

Euronews қазақ тілінде хабар тарата бастайды
Euronews

Euronews телеарнасы алдағы уақытта халықаралық жаңалықтарды қазақ тілінде де ұсынатын болады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид мәлімдеді. Оның айтуынша, әлемнің 140 еліне хабар тарататын арна қазақ тіліндегі контентті іске қосуды жоспарлап отыр.

«Біз қазақ тілін халықаралық тіл деп білеміз», – деді Педро Варгас Давид.

Айта кетейік, Euronews – 1993 жылы Францияның Лион қаласында құрылған халықаралық ақпараттық телеарна. Ол саясат, экономика, қоғам, ғылым, мәдениет және спорт салаларындағы әлемдік жаңалықтарды бірнеше тілде таратып, Еуропадағы жетекші халықаралық медиалардың біріне айналды.

Қазір арна ондаған елде эфирге шығып, цифрлық платформалар арқылы миллиондаған көрерменге ақпарат ұсынып келеді. Енді оның жаңалықтары қазақ тілінде де қолжетімді болады.