Олигархтардан қайтарылған қаржы Балқаш әуежайын жаңғыртуға бөлінді

Қаракөз Амантай 15 қар. 2025 10:06

Олигархтардан қайтарылған 945 млн теңге Балқаш қаласының әуежайын жаңғыртуға бөлінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысының өңірлік көлік хабтарын дамыту және әуе қатынасының қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында арнайы мемлекеттік қордан Балқаш әуежайын реконструкциялауға 945 млн теңге бөлінді.

«Жаңғырту жұмыстары жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және әуежайдың негізгі техникалық сипаттамаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Әуежайдың өткізу қабілеті 30%-дан аса өседі», – делінген хабарламада.

Үкіметтің мәліметінше, қазіргі уақытта жұмыс көлемінің айтарлықтай бөлігі орындалған.

«Әуежайдың негізгі ғимараты мен қосалқы құрылыстарының шатыры жаңартылды, терезелер орнатылды, кәріз жүйесі мен су құбырының негізгі желісі тартылды. Сонымен қатар кәріздік сорғы станциясы, блокты-комплект трансформаторлық қосалқы станция, желдету және жылыту жүйелері орнатылды. Қазіргі уақытта әуежайға қажетті алғашқы аэродромдық арнайы техниканы сатып алу жұмыстары жүріп жатыр», – деп мәлім етті ведомство.

Үкіметтің ақпаратына сүйенсек, қазірдің өзінде өздігінен жүретін трап, аэродромға арналған өрт сөндіру көлігі және жанармай құю машинасы сатып алынған.

«Президенттің Жолдауын іске асыру аясында Қазақстанда авиациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Оған Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайларын мультимодальды хабтарға айналдыру үшін кең ауқымды жаңғырту, сондай-ақ негізгі туристік аймақтарда (Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі) жаңа әуежайлар салу және өңірлік әуе аймақтарын қалпына келтіру кіреді», – деді Үкімет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар