Қазақстанда автолизингке қызығушылық артып келеді. Алайда бұл қаржылай құралдың тиімділігі мен қауіптері әлі де көп адамға түсініксіз. Экономист Расул Рысмамбетов Dalanews.kz агенттігіне берген сұхбатында автолизингтің негізгі тәуекелдерін жан-жақты түсіндірді.
Автолизинг кімдерге тиімді?
Сарапшының сөзінше, автолизинг ең алдымен шағын және орта бизнеске тиімді.
“Такси, жеткізу қызметі, жүк тасымалы секілді салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер көлікті табыс табу үшін пайдалана алады. Мұндай жағдайда лизинг ақшаны бірден жұмсамауға, көлік құнын біртіндеп төлеуге мүмкіндік береді. Осылайша қаражатты өз айналымында қалдырады”, – деді экономист.
Ал қарапайым азаматтар үшін автолизингтің қолжетімділігі шектеулі.
“Себебі бастапқы жарна әдетте 20–30%-ды құрайды, ал тиімді мөлшерлеме автокредитке қарағанда сәл жоғары. Халыққа бұл өнім премиум санатқа жатады”, – деп түсіндірді ол.
Лизинг пен автонесиенің айырмашылығы
Рысмамбетов жеке тұлғалар үшін автонесие, ал кәсіпкерлер үшін лизинг тиімді екенін атап өтті.
“Негізгі айырмашылық - меншік құқығында. Автонесие рәсімделген кезде көлік бірден сатып алушының атына тіркеледі, ал лизингте толық өтелгенге дейін сатушының меншігінде қалады. Бүгінде автокредиттердің пайыздық мөлшерлемесі 18–20%, ал автолизингте ол 22–26% шамасында. Бірақ өте төмен пайызбен берілетін жеңілдетілген автонесие де бар. Сіз кәсіпкер болсаңыз, лизингтің салықтық артықшылықтары бар. Мәселен, ҚҚС пен амортизацияны есептен шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әсіресе көлік жұмыс үшін пайдаланылса және көлік саны көп болса”, - деп қосты ол.
Автобағаның өзгеруі қандай қауіп тудыруы мүмкін?
Сарапшы автолизинг алушылар үшін ең үлкен тәуекелдің бірі “актив бағасының” өзгеруі екенін айтады.
“Егер көліктің нарықтағы бағасы түссе, қарыздың қалған сомасы автокөліктің өзіндік құнынан көп болып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда келісімді бұзу немесе мерзімінен бұрын тоқтату клиентке тиімсіз”, – дейді ол.
Ал бағалар өскен жағдайда ескі келісімдер тиімдірек болғанымен, жаңа келісімдер қымбаттай береді. Себебі компаниялар инфляциялық тәуекелдерді алдын ала қосады.
“Меніңше, көлік шетелдік пе, әлде Қазақстанда өндірілген бе, осының да айырмашылығы бар”, - дейді ол.
Валюта бағамына тәуелділік
Рысмамбетовтің айтуынша, кей лизингтік компаниялар сыртқы нарықтан доллар немесе еуромен қарыз алады, сондықтан теңге құнсызданса клиенттер де қосымша шығынға ұшырайды.
“Курс бағасы 10–15% өссе, төлемдер де шамамен сондай мөлшерге қымбаттайды”, – деп ескертті сарапшы.
Автомобиль құнына қатысты шектеулер
Экономисттің айтуынша, көптеген бағдарламада лимиттер бар.
“Жеңіл көліктерге 25–30 млн теңге шамасында шектеулер болуы мүмкін. Ал жүк көліктері мен арнайы техникаларда мұндай лимит жоқ. Бірақ шешім клиенттің төлем қабілетіне және компанияның қаржылық лимиттеріне қарай қабылданады”, – дейді ол.
Экономика үшін маңызы
Сарапшы автолизингтің экономиканың нақты секторына ықпалын да атап өтті.
“Лизинг – бұл ұзақ мерзімді қаржыландыру құралы. Ол бизнеске автопаркті жаңартуға, өнімділікті арттыруға және банктік кредитке жүгінбей-ақ жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Логистика, сервис, құрылыс, агросектор секілді салалар көбінесе лизинг арқылы дамиды. Мысалы, трактор немесе жүк көлігін лизингке алуға болады. Сондай-ақ бұл құрастыру кәсіпорындары мен дилерлік желілердің дамуын ынталандырады, демек салық түсімдері мен өнеркәсіптік өндірістің өсуіне ықпал етеді”, – деді Рысмамбетов.
Лизинг алушылар жіберетін басты қателіктер
Экономист лизинг алуда клиенттердің жіберетін негізгі қателіктеріне тоқталды.
“Көбінесе лизинг алушылар ұзақ мерзімді келісімдерде валюталық тәуекелдерді елемейді. Содан соң өз табысын асыра көрсетіп, нақты қаржылай ағындарын дәл есептемейді. Көп жағдайда тек лизингті алу үшін шектен тыс оптимистік болжам жасайды, бірақ кейін төлемдерді жабу үшін қаржы іздеп қиналады. Үшіншіден, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету, салық секілді қосымша шығындарға мән бермейді. Ал ең кең тараған қателіктің бірі — келісімшартты толық оқымау. Соның салдарынан айыппұлдар, өсімпұлдар мен келісімді бұзу тәртібі көп жағдайда клиент үшін жағымсыз тосынсыйға айналады”, — деп түйіндеді сарапшы.
