Алматы тұрғындары жылу жүйесіне артық төлем жасап келген

Қаракөз Амантай 15 қар. 2025 09:06

Алматыда жылу қызметіне артық төлем заңсыз қосылғаны анықталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қала тұрғындарына жылумен қамту бойынша көрсетілетін қызметтің бірінде негізсіз төлем есептелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Агенттіктің дерегінше, Алматы қалалық департаменті «Алматы жылу желісі» ЖШС-нің (АлТС) әрекеттерінен монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін тапқан. Бұл жағдай жылу энергиясын пайдаланатын бірқатар тұтынушының құқықтарын шектеген.

«Тексеру барысында табиғи монополия субъектісі — АлЖЖ — тұтынушыларды жылуға қайта қосу қызметінің тарифіне 10 пайыз көлемінде пайда қосқан. Алайда қолданыстағы ережелерге сәйкес, жылуға қайта қосу кезінде монополист компанияның пайда табуына жол берілмейді», — деп мәлімдеді агенттік.

Бұл факті бойынша компанияға заңнаманы бұзу белгілері жөнінде ресми хабарлама жіберілген.

«Хабарлама толығымен орындалды. Монополист енгізген 10 пайыздық пайда алынып тасталды, нәтижесінде алматылықтар үшін жылуға қайта қосу қызметінің құны дәл осы мөлшерге арзандады», — деді ведомство.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар