Желіде сыбыс тарап, Энергетика министрлігі мәлімдеме жасауға мәжбүр болды

Кәмшат Тілеухан 19 там. 2025 09:42

Кейбір әлеуметтік желілерде "елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясын шектеуге дайындық жүргізіліп жатыр" деп тарап жатқан ақпаратқа ешқандай негіз жоқ. ҚР Энергетика министрлігі осындай ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құзырлы ведомство азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

"Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау жағдайы толықтай тұрақты деп бағаланады. Электр энергиясын жеткізу қалыпты режимде жүзеге асырылып, халықтың да, өнеркәсіптік кәсіпорындардың да барлық қажеттіліктерін толық қамтып отыр. Елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі ешқандай ақаусыз жұмыс істеуде", - дейді ҚР Энергетика министрлігі.
Энергетика министрлігі республика бойынша электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгерімін тұрақты бақылауда ұстап отырғандарын нақтылайды. Барлық өндіретін және жеткізуші компаниялар бекітілген кестелер аясында жұмыс істеп, энергожүйенің сенімділігін қамтамасыз етуде.
"Осыған байланысты Энергетика министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына, блогерлерге және онлайн-қоғамдастықтардың әкімшілеріне ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауға, фактілерді мұқият тексеруге және азаматтарды жаңылыстырмау үшін тек ресми деректерді пайдалануға шақырады", делінген ресми хабарламада.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар