«Жасыл Қазақстан» жобасы екі жылда экологиялық мәселелерді қаншалықты шешті?

Dalanews 26 шіл. 2022 04:24 1143

Экология еліміздегі өзекті мәселелердің бірі десек болады. Әңгіменің ашығын айтар болсақ, экологиялық мәселелер адамдардың әрекетінен туындап отырғаны жасырын емес. Ірі қалалардағы ауа тазалығы, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, кәсіпорындардан шығатын улы заттардың көлемін қысқарту маңызды мәселе.

Бүгінде ҚР Үкіметі қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуалды реттеу мақсатында «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын жүзеге асыруда. Таяуда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл Қазақстан» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға қатысты есеп берді.

Қазақстанда шешімін таппай отырған экологиялық мәселелер жетіп артылады. Жылдар бойы қордалағанған мәселелерді бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Осыны басшылыққа алған атқарушы билік бүгінгі күнде өзекті деген экологиялық мәселелерді анықтап, үлкен іске бел буып, білек сыбана кіріскен болатын.

Сонымен «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында түйіні тарқайтын мәселелерді атын атап, түсін түстеп кетсек.
Ұлттық жоба аясында еліміздің 11 қаласындағы 16 ірі кәсіпорында қоршаған ортаға шығаратын улы заттарды төмендету ісі қолға алынғаны белгілі. Бұдан басқа тұрмыстық қатты қалдықтар мен өндірістік қалдықтарды өңдеу және утилизациялау, Балқаш көліндегі су ағынын реттеу, Арал теңізінің Солтүстік бөлігін су қорын 35%-ға дейін арттыру және еліміздегі орман алқаптарын кеңейту ісі ұлттық жобаның басты бағдарына айналды.


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бүгінде алға қойған мақсаттардың қалай іске асып жатқаны жайында халыққа есеп берді. Ірі қалалардағы өндіріс орындары атмосфераға улы заттарды көптеп шығарып, халықтың денсаулығына айтарлықтай кесірін тигізіп отырғаны жасырын емес. 2021 жылы «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын улы заттар мөлшерін 803,8 мың тоннаға дейін азайтуды көздеген еді. Өкінішке орай, 2021 жылы жоба өз деңгейінде орындалмағанын айтуға тиіспіз. Өткен жылы еліміздегі кәсіпорындардың қоршаған ортаға шығаратын улы заттардың 655 мың тоннаға дейін кеміді.

Ал 2022 жылдың соңғы алты айында бұл көрсеткіштің 293 мың тоннаны (2022 жылы 755 мың тоннаға дейін қысқарту көзделген) құраған. Қазіргідей қиын кезеңде өндіріс орындарда экологиялық мәселелерді оң бағытта шешу оңай шаруа емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін қомақты қаржы керек.

Ал «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өңдеу мен утилизациялау ісі жоспарға сай іске асып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Айталық, 2021 жылы қатты тұрмыстық заттардың өңдеу мен утилизациялау ісі 20%-ға дейін арттыру көзделсе, 2021 жылы жоспар 21,1%-ға артығымен орындалған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 24%-ға жеткіу жоспарланса, үстіміздегі жылдың 6 айында бұл бағыттағы жұмыстар 23%-ға орындалғанын байқауға болады. Алда әлі алты ай уақыт бар екенін ескерсек биыл қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісі айтарлықтай кеңейе түсетінін байқауға болады.


Өндірістік қалдықтарды өңдеу мен утилизациялау ісі 2021 жылы 38%-ға дейін орындалып, меже толықтай іске асқан. Ал биыл бұл бағыттағы көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізу көзделген-ді. Соңғы 6 айда атқарылған жұмыстарға назар аударсақ, өндірістік қалдықтарды өңдеу мен утилизациялау ісі 35%-ға дейін жеткенін байқаймыз. Демек жыл аяғына дейін жоспарлаған ісі артығымен орындалатынын бағамдауға болады.

Міне, «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы екі жылдың ішінде өзіне нәтижесін беріп, еліміздің тынысын аша түскендей болды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды өрістетіп, маңызды жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар