2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл шешім ғылым саласында жаңа бағыттардың дамуына серпін беріп, жоғары оқу орындарында заманауи технологияларды кеңінен енгізуге жол ашып отыр.
Мәселен, Satbayev University еліміздегі жетекші техникалық зерттеу университеті ретінде жасанды интеллект пен нанотехнология саласында бірқатар жұмысты жүзеге асырып келеді. Жоғары оқу орнында жасанды интеллект оқу процесіне қосылып, білім беру бағдарламаларының оқу жоспарларына енгізілген. Сонымен қатар жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстары да жасанды интеллект бағытындағы өзекті мәселелерге бағдарланып, ғылыми жобалары мен жұмыс процестерін осы құралдың көмегімен жеңілдету қарастырылып келеді. Бұл туралы Сәтбаев университеті, PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Ғылыми жобаларды сүйемелдеу және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Жанар Жұмаділова Dalanews.kz редакциясына берген сұхбатында мәлімдеді.

Ғалымның айтуынша, 2025 жылы Ғылым күні қарсаңында Сәтбаев университетінде Инновациялық инжиниринг орталығы аясында екі ірі ғылыми-зерттеу зертханасы ашылған.
“Атап айтқанда, “Күрделі құрылымды блоктардан кенді өндіру технологияларын сандық және компьютерлік модельдеу” мен “Нанотехнология және наноматериалдар” ғылыми-зерттеу зертханалары іске қосылды. Алғашқы зертхана шеңберінде карьерлер мен шахталарда кен өндірудің қажетті сапасы мен көлемін қамтамасыз ету үшін жерасты қазу-жүктеу жұмыстарының параметрлерін автоматты түрде анықтайтын жаңа аналитикалық әдіс пен бағдарламалық модуль әзірленген. Бұл әзірлемелерге қазіргі таңда тау-кен саласындағы бірқатар ірі компаниялар қызығушылық танытып, оны өндірістік процестерге енгізу мүмкіндігін қарастырып отыр”, - дейді ол.
Жанар Жұмаділова нанотехнология саласының кейінгі жылдары ғылым мен өндірістегі ең серпінді бағыттардың біріне айналғанын атап өтті.
“Бұл сала материалдардың беріктігін арттыруға, энергия тиімділігін жоғарылатуға, медицинада жаңа емдеу әдістерін енгізуге және электроникада жоғары өнімді құрылғылар жасауға жол ашады. Нанотехнологиялық зерттеулер химия, физика, биология және инженерия салаларының тоғысында қарқынды дамып келеді”, - деп қосты ол.
Ғалым “Нанотехнология және наноматериалдар” зертханасының негізгі мақсатына да тоқталды. Оның айтуынша, зертхана өнеркәсіптік қалдықтарды кешенді өңдеуге арналған ресурсты үнемдейтін озық технологияларды әзірлеуге бағытталған.
“Бұл бағытта тау-кен өндірісінің қосалқы өнімдерін энергетикада, құрылыс саласында және экологияда сұранысқа ие функционалды материалдарға айналдыру көзделген. Зертханада геополимерлерді, кремний диоксидін және жартылай өткізгіш қосылыстарды синтездеу бойынша белсенді зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ суды тазалау жүйелері үшін сапалы активтелген көмір өндіріледі”, - деді ол.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін зертхана заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған.
“Зертханада келесі аналитикалық жабдықтар қолданылады: сканерлі электрондық микроскоп (СЭМ), беттік ауданды талдағыш (БЭТ әдісі), бөлшек мөлшерін талдағыш, иондық хроматограф, Раман спектрометрі, ИК спектрометрі, ЭПР спектрометрі және индуктивті байланысты плазмалы масс-спектрометр (ИСП-МС). Технологиялық жабдыққа активтелген көмірді синтездеуге арналған жартылай өнеркәсіптік қондырғы және көмірлендіру үшін жоғары температуралы пештер де бар. Мұндай құралдар кешені заттардың қасиеттерін терең зерттеуден бастап технологияларды масштабтауға дейінгі толық циклді жүргізуге мүмкіндік береді”, - дейді ғалым.
Жанар Жұмаділова зертхананың халықаралық стандарттарға сай жабдықталғанын және мұнда отандық әрі шетелдік жас зерттеушілердің бірлесіп жұмыс істеп жатқанын да алға тартты. Айтуынша, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ұлыбритания секілді елдердің ғалымдары да зертхана жұмысына қызығушылық танытып отыр.
“Сонымен қатар зертхананың ғылыми зерттеулер нәтижесінде “Nano Engineering Centre” стартап компаниясы құрылды. Бұл стартап нанотехнология, инженерия, материалтану және жаратылыстану мен техникалық ғылымдардың өзге де бағыттары бойынша қолданбалы әрі іргелі зерттеулер жүргізуге маманданған”, - деп атап өтті ол.
Бүгінде Сәтбаев университетінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және наноматериалдар бағыты бойынша бірқатар ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің қолдауымен орындалып жатыр.
“Аталған жобалардың қатарында "Қазақмыс" кен орны үшін кешенді геодинамикалық мониторингке арналған Web-ГИС әзірлеу, жиілігі жоғары коммутациялы және кернеуді тиімді түрлендіру коэффициенті жоғары инвертері бар, қос мақсатты, біріктірілген көпқырлы (мультикоптерлік) платформа әзірлеу, нейрондық желілер негізінде сөйлеушіні тану, ауыл шаруашылығында жасанды интеллектке негізделген қолдау жүйелері, жылумен қамту жүйелерін цифрландыру, қазақ тілінің көптілді онтологиясын автоматты құру, экология мен энергетикаға арналған жаңа наноматериалдар әзірлеу секілді бастамалар бар”, - деп қосты ғалым.
Оның сөзінше, аталған жобалар бойынша алынған ғылыми нәтижелер Scopus және Web of Science дерекқорларына енген Q1 және Q2 квартильді халықаралық журналдарда жарияланып, жоғары бағаланып отыр.
Сарапшы жасанды интеллект пен нанотехнологияны дамыту арқылы елімізде ғылыми-зерттеу зертханалары мен орталықтарының базасын қалыптастыру болашақ мамандарды даярлауға, сондай-ақ білім, ғылым, өндіріс пен бизнес арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
