Жас ғалымдар ғылыми жұмыстарын коммерциялауға құштар

Dalanews 19 қыр. 2022 14:11 1020

Қазір ғылымды дамытуға құлаш ұрған жастардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазіргі дамыған заманда ғылымды өндіріссіз елестету мүмкін емес. Сол себепті жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси жаңғырулар турасындағы саяси реформасын жария еткенде еліміздің әр өңірінде дүниежүзіндегі жетекші техникалық университеттердің филиалдарын ашып, жастарды ғылымға тарту ісін қазіргі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне тапсырған болатын.

Бүгінде жыл басындағы Президенттің тапсырмасы біртіндеп іске асып жатыр. Осы ретте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитеті еліміздегі ғылыммен айналысатын жастардың үлесін 50%-ға дейін арттыруға бел буып, білек сыбана кіріскенін айрықша атап айтуға болады.

Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки жыл сайын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 1000 жастың ғылылыми жұмысына қолдау көрсетуді көздеп отырғандарын жария етті. Мемлекеттік деңгейде қабылдаған бұл шешім жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен алаңсыз айналысуына мүмкіндік туғызатыны анық.


Бүгінде елімізде ғылыми жұмыстарды коммерциялау деңгейі өте төмен екені жасырын емес. Елімізде ғылым мен өндірістің үйлесімді жұмыс істей алмай отырғанының бірнеше басты себебі бар.

Кеңес заманында ғаламдардың ғылыми жұмыстарының өндірісте қолдануана мемлекет жауапты болды. Сондықтан ғылыми жұмыстың өндіріске енуіне ғаламдар бас қатырған жоқ. Ғалымдар өздерінің ғылыми жұмыстарымен алаңсыз айналысты.

Ал нарық қатынастар орнаған сәтте бұл үрдіс толықтай күйреді. Осы аралықта ғылымға бөлінетін қаржы мардымсыз болғаннан кейін жастардың ғылымға қызығушылығы күрт азайғаны да жасырын емес.

Бұдан басқа ғылымдағы аға буын ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялау ісімен мүлде айналыспады. Турасын айтсақ, ғылымдағы аға буын коммерциялау ісіне дайын болмады. Олар Кеңес заманындағыдай алма «піс азуыма түс» деп отырды. Осылайша аға буынның әрекетсіздігі қазақ ғылымы тоқырауға ұшыратты.

Ғылымның аянышты күйге түскенін көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салада кешенді шаралар қабылдап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялауда жастарға айрықша сенім артып отырғанын байқауға болады.

Бүгінде шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алған қазақ жастары қазақ ғылымын алға сүйрейтін мүмкіндікке ие. Қазір ғылыммен айналысып жүрген жастар бір жерде отырмайды. Олар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялауға мүдделі. Бұл үшін олар түрлі инвесторлармен сөйлесіп, ірі компаниялардың есігін қағуға арланбайды.


Қазіргі жастар өздерін ғылымда ізденуші, ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциялауда кәнігі маман менеджер болуы керек екенін түсінеді. Аға буын секілді ғылыми жұмыстарын коммерциялауға өте енжар емес.

Алдағы уақытта мемлекет 1000 жастың ғылыми-зерттеу жұмысына грант бөлсе, олар ғылым саласында талмай ізденіп, өзі жұмыстарын коммерциялағанша тыным таппайтыны анық.

Ғылымды коммерциялау ісі қазақ ғылымында буын алмасуы қарқынды жүріп жатқанын айқын көрсетеді. Дамыған елдердегі оқу орындарда білім алып, тағылымдамадан өткен жастарымыз сол жақтағы ғылымдағы технологиялық үрдістердің елге әкелуге бар күш-жігерін жұмсайтыны анық. Бұл үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жастарға барынша қолдау көрсетуіміз керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар