Бұл шаруалар Шымкент қаласы республикалық статус алуына және Түркістан облысының құрылуына байланысты атқарылып отыр. Бұл туралы бүгін Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт Өңірлік коммуникациялар қазметінде өткен баспасөз жиында мәлімдеді.
Оның сөзінше, жалпы облыста 2018 жылдың 6 айында 577,6 млн. жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға жоғары.
– Түркістан облысында 44 тасымалдаушы 1283 автобуспен жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетуде. Облыстағы тұрақты бағыттар желісі 320 бағыттағы 1081 кестеден тұрады. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына байланысты, облыстағы ауданаралық 115 бағыттың 91-і облысаралық болып өзгереді. Облысаралық 39 бағыттың 13-нің бастапқы пункті Шымкент қаласы болуына байланысты, бұл бағыттар Шымкент қаласы әкімдігінің құзырына берілді. Одан бөлек, Шымкент қаласындағы 26 тасымалдаушы, 82 бағыт, 1744 автобус, 1261 кесте тікелей Шымкент қаласы әкімдігінің құзырында болады, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта, Түркістан қаласынан 5 аудан орталығына Кентау, Арыс, Шәуілдір, Шолаққорған, Мырзакент тікелей тұрақты жолаушылар тасымалы орындалуда. Алдағы уақытта облыстағы қалған аудан орталықтарына, атап айтқанда Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Ленгір қалаларына және Абай, Қазығұрт, Темірлан, Ақсукент, Т.Рысқұлов және Шаян Түркістан қаласынан тікелей тұрақты бағыттар ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, басқармаға тікелей қарасты ауданаралық, облысаралық тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін қоғамдық көліктер GPS жүйесімен жабдықталған. Елбасының Жарлығына сәйкес, Түркістан қаласы облыс орталығы болуына байланысты, қаланың көлік жүйесін жан-жақты дамыту мақсатында, қаладағы бағыттарға электронды билет жүйесін 2018 жылдың соңына дейін орнату жоспарлануда. Пилоттық жоба ретінде Түркістан қаласындағы бір бағытқа электронды билет жүйесін 2018 жылдың IІІ тоқсанына дейін тестілеу жоспарланды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі