Назарбаев бар ресурсын таусып, керек қылмаған Ертісбаевтың Тоқаевқа қатысты айтқан әрбір сөзі халықты Тоқаевтан алыстата түсетіндей... (Ертісбаевтың осындай «магиясы» бар ғой).
Басқаны қайдам өз басым сұхбатты бастан аяқ тыңдағанымда осындай сезімді бастан кештім.
Қазақ қоғамында Назарбаевтың ақтаушысы ретінде әбден танылған Ертісбаевтың Тоқаевқа адвокад болуын халық қабылдамайды.
Жаңа Қазақстанды құру кезінде осыған дейін билікте болған шенділердің бәрімен ат-құйрығын үзісудің қажеті жоқ екенін түсінеміз. Өйткені, биліктің ішінде де Назарбаевтың шектен шыққан әрекетіне талағы тарс айырылардай болып, әрең шыдап жүрген ақ жағалылар болды. Оны мойындауымыз керек.
Бірақ Жаңа Қазақстанды құру кезінде ат қосшы ретінде де тартуға болмайтын шенділердің бар екенін де естен шығармаған абзал.
Қазақ қоғамы үшін құндылығын жоғалтқан сондай шендінің бірі – Ермұхамед Ертісбаев.
Бұлай дегеніміз үшін бізге Ерекең ренжімей-ақ қоймас. Өзінің қазақы қоғамдық-саяси өмірде жағымсыз адамға айналғанын бізден емес, өзінен көрсін!
Жаңа Қазақстанды құру барысында қоғамдық-саяси өмірде арылуды қажет ететін дүниелер бар. Соның бірі һәм бірегейі – жағымпаздық.
Ертісбаевты аты аталғанда көпшілік кірпідей жиырыла қалады. Неге? Өйткені ол осыған дейін қоғамдық ортада Назарбав режимін ақтаушы ретінде танылды.
Елімізде Назарбаев билігінің идеологиялық тұрғыдан ұзаққа созылуына ықпал еткен 10 шенді болса, соның бел ортасында Ертісбаев тұрары хақ.
Сондықтан Ерекеңді Жаңа Қазақстанның іргесін қалап, уығын қадауға мүлде араластыруға болмайды.
Кезінде Назарбаевтың өзі керек қылмай зейнетке жіберген Ертісбаевты халық Тоқаевтың жанынан мүлде көргісі келмейді.
Мұны Тоқаевтың айналасында жүрген адамдар түсінуі керек.
Өйткені, Ерекең Назарбаев кезінде әділетсіздіктен жапа шеккен Тоқтар Әубәкіров пен Жақсылық Құлекеевпен салыстыруға келмейтін «человек» қой.
Сондықтан Жаңа Қазақстанды құруға бел буған Тоқаевтың Ертісбаевтан аулақ жүргені абзал.
Ертісбаев күні кеше ғана Байтасовқа берген сұхбатынан кейін ашуымыз келіп, осы жазбаны жазуға мәжбүр болдық.
Ерекең кезектен тыс Президент сайлауы кезінде Тоқаевтың кандидатурсын ұсыну үшін құрылған Халықтық коалицияны (ішінде «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халықтық партиясы мен ондаған қоғамдық ұйымдар бар) «тарқатпау керек» деп көсіліп әңгіме айтты. Оның ойынша, аталған коалиция «стратегиялық мәселелермен» айналысу... үшін керек екен.
Ертісбаевтың осы әңгімесінен Назарбаев режимін аңсап отырғанын аңғардық.
Егер Президент Тоқаев қолға алған саяси реформалар іске асса ол жерде Ертісбаевтың «қызметіне» деген мұқтаждық туындамауы керек. (Назарбаев режимі кезінде Ертісбаевтың «қызметі» әділетісіз сайлауларды ақтау болағанын бәріміз білеміз).
Халықтық коалицияны тарқатпай сақтап қалғаннан не ұтамыз? Ештеңеде ұтпаймыз. Бар болғаны Назарбаев режиміне қайта қадам басамыз.
Бұл – коалицияның таратпасақ, кезінде «Асар», «Азаматтық» партияларды және «Алтын орда» сынды қозғалыстарды жұтып қойған «Нұр Отан» сияқты ебедейсіз бір «диназовр» дүниеге келетіні анық.
Ал «динозавр» партиялардың алғашқы саяси зіл-залаларға қарсы тұра алмай тырапай асатынын талай рет куә болдық емес пе?
Дәл қазір біздің қоғамға «динозавр» партия емес, Жаңа Қазақстанға халықтың түрі топ өкілдерінің мұң-мұқтажын жеткізетін көптеген саяси ұйымдар ауадай қажет.
Ертісбаев көкеміз осылайша Тоқаевқа кеңес бергісі келіп отырғанын байқадық. (Ақылын қалтасына салып қойсын!).
Бұл енді Тоқаевтың жыл басынан қолға алып жатқан саяси реформасын жоққа шығаратын кеңес қой.
Бүгін сайлауда жеңіске жеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.
Бүгіннен бастап Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақ елі мойындаған, заңды – Президенті.
Демек, бүгіннен бастап Тоқаевтың саяси реформаларына мүлде үйлеспейтін әңгіме айтқан Ертісбаевтан Тоқаев іргесін аулақ салуы керек.
Халық алдағы 7 жылда Тоқаев билікті өзгертеді деп сеніп отыр.
Ал Ертісбаев сынды ескі билікке қызмет еткен «человектер» билік Тоқаевты өзгерткенін қалайтын сияқты...
Нұрлан ЖҰМАХАН