А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының басшысы, Ұлттық комиссияның мүшесі Ерден Задаұлы Қажыбек, аталған институттың ғалымдары, облысымыздағы іргелі оқу орны саналатын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары, жергілікті атқарушы органдар белсенділік танытып, сүбелі үлес қосуда.
Тіл сарайында өткен «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» атты семинар-кеңесте Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев осылай деді.
Өз сөзінде басқарма басшысы өңірде қазақ тілі әліпбиін латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшіру жөніндегі «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы құрылып, ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін де айтты. Барлық аудан, қалалардың 70 елді мекенін қамтыған кездесулерде 12 мыңан аса адам қамтылған.
Семинар кеңесті ашып, жүргізген Айдар Карбозұлы қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру бойынша әртүрлі тақырыпта дөңгелек үстел, конференция, кездесу, пікір алмасу, ақпараттық сағат, форум, дебат, акция, семинар, брифинг өткізілгендігін, мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
– Латын әліпбиіне көшу – ұлттық болмысымызға қайту деп түсіну керек. Елбасымыздың өзі мұны рухани жаңғырудың бірінші шарасы ретінде жүзеге асырып отыр. Неге? Себебі әліпбиді реформалау арқылы біз тіліміздегі ұлттық нақышты, ұлттық жүйені сақтай аламыз. Ал ұлттық жүйе сақталатын болса, онда миымыздағы дүниені танитын ұлттық нейрондарымыз жұмыс жасайды, – деді «Жаңа ұлттық әліпби негізіндегі жазу реформасы: проблемалар мен шешу жолдары» атты тақырыпта баяндама жасаған А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова.
Сондай-ақ, ол осы реформа туралы қоғамда сан түрлі пікірлердің айтылып жүргенін айтты. «Әсіресе, тіл танушы мамандардың басында әртүрлі мифтер өріп жүр. Миф деген шындыққа жанаспайтын, бірақ шындық секілді қабылданатын ұстанымдар. Мәселен, «Әліпби реформасы – әріп ауыстыру ғана деп түсінеді. Қысқа, мерзімде «оп-оңай» өтеді. Оған ешқандай күшті жұмсау қажет емес екенін айтады. Сонымен қатар, латын графикасына көше қалсақ қоғамда ағылшын тілінде сөйлеушілердің қатары тез арада өсіп, бәріміз дерлік ағылшын тілінде сөйлеп кетеміз деушілер көп. Тіпті, осы тұрғыда сұқбат беріп жүрген саясаткерлер де бар. Тағы бірі – отандық софтылар өздігінен дамып шыға келетінін айтады. Яғни, латынға көшсек, соф жасайтын қазақтар көбейеді. Біз IT әлемде алдыңғы қатарға ие боламыз деген ойда. Әлбетте, армандау жақсы. Бірақ, мұның бәрін бір ғана латын графикасына көшуге апарып тіреп, қарап отыру деген дұрыс емес», – деген Анар Мұратқызы әрбір мифке қатысты проблемалардың шешу жолдарын да атап өтті.
Баяндамашының сөзінше, латын қарпіне көшуде графикалық кеңістіктердің аумағы өзгереді. Яғни, бұған дейін үлкен шеңбер ішінде кирилл графикасының кеңістігі болып келсе, латын графикасына көшуде оның кеңістігі кеңеймек. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйретінін мамандардың қазақ тілінің грамматикасын жақсы білуі керек деген ой да айтылды.
– Бұл – жалпыхалықтық реформа. Бірақ, оны жүзеге асырушы авангард болады. Кез келген істің басында жүретін күш. Олар кімдер дегенде: тілтанушылар, қазақ тілінің оқытушылары, қазақ тілінің мұғалімдері, тіл саясатының менеджерлері, IT-мамандары» болып табылады. Ендеше, бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарауымыз тиіс, – деді Анар Фазылжанова.
Латын әліпбиіне көшуді табысты жүзеге асыру жолындағы мәселелерді ортаға салған семинарда А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институының директоры Ерден Қажыбек, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимова, облыстық білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғанбаева баяндама жасап, келелі ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыстық тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелетінін айтты.