ЫДЫРЫСОВ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ?

Dalanews 12 қаз. 2015 23:58 914

 Ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. Сізге сұрақ: әлемде өз тілін білмейтін Сыртқы істер министрі бар ма? Бар. Ол – Ерлан Ыдырысов.

 Ыдырысов қашан қазақша сөйлейді? Ешқашан. Ол мемлекеттік тілді өмір бақи үйренбей өтетіндердің бірі. Мұндайлар көп, өте көп, өкінішке орай. Олар мемлекеттік тілге бүгін қалай қараса, ертең де, болашақта да солай қарайды.

Думан БЫҚАЙ

Себебі, бүгінге дейін Қазақстанда ешбір адам мемлекеттік тілді білмегені үшін жұмыстан шығарылған жоқ. Естіген жоқпыз, шынымызды айтайық. Бірақ, заң бар дейді. Бар-жоғы қазір маңызды емес. Бәрібір «бәріне түсінікті болу үшін» орысша сөйлейміз.

Ендеше, Ерлан Ыдырысов та мемлекеттік тілді білмегені үшін «таяқ» жемейді, жемеген де. Орнымнан қуылам деп қорықпайды, қорықпаған да.

Қазақстан Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен осы Ыдырысов ұқсайды бір-біріне. Аумайды бір-бірінен. Екеуі де бірнеше тіл біледі.

Мысалға, Ыдырысов ағылшын тіліне ағып тұр. Аз-мұз французшасы да бар. Пәкістанның ресми тілі – урду тілін бір кісідей біледі. Оған қоймай хинди тілін тағы үйреніп алған. Ол орысша сөйлеп отырып, бір кезде аяқ астынан ағылшыншаға ауысып кетуі мүмкін. Мұндайларды полиглот дейді.

Ыдырысов іштей бұл қабілетімен мақтанатын да шығар. Иә, мақтанады. Мемлекеттік тілді білмегені үшін ұялмайды, алайда. Өзге тілдің бәрін біледі, бірақ, өз тілін білмейді... Пафос, бірақ шындық. Шерхан  Мұртаза, мұндайда «бір кем дүние» деп айтар еді. Иә, айтар еді.

_OMS6343Осы Ыдырысов тәрізділердің «арқасында» әлем Қазақстанды Ресейдің бір губерниясы ретінде таниды. Жоқ, рас.

Қазіргі Қазақстанның Ресейдің қол астындағы Башқұртстаннан немесе Татарстаннан қандай айырмашылығы бар? Ешқандай. Біз орысша сөйлейтін ұлтпыз.

Ол үлкен қызметте отыр. Ол бүтін бір елдің сөзін сөйлейді. Ол кәсіби дипломат. Қазақстанның көпвекторлы саясатын сыртқа жарнамалайтын, насихаттайтын осы – Ыдырысов.
Қателеспесек, шетелде Қазақстанның 89 дипломатиялық өкілдігі бар. Оның ішінде 57 елшілік,  халықаралық ұйымдардың жанындағы 5 тұрақты өкілдік, 3 дипломатиялық миссия, 10 бас консулдық, 12 консулдық және 2 елшілік бөлімшелері бар.

Бұлардың барлығын бір шетке ысырып қоялық та, тек 57 елшілікті назарға алайық.

57 елшілік. Аз емес. Оларға не жүктелген? «Елдестірмек елшіден» деуші еді. Екі елдің арасындағы ықпалдастықты арттыру, әріптестікті жақсарту, тағысын тағы... Бұл белгілі. Бірақ, елші болған соң барған жеріңде өз мемлекетіңнің мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін аз-кем болса да көрсетуге тиісті шығарсың. Біз солай ойлаймыз.

Ендеше, Ыдырысовқа сауал: бүгінгі қазақ дипломатының бет-бейнесі қандай? Елшілер мемлекеттік тілді меңгерген бе?

Белгілі бір елшіліктің көмегімен Қазақстанның келбетін қалыптастыру қалай, қаншалықты жүзеге асып жатыр?

Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы ой бар ма өзі? Құжат айналым қазақ тіліне өткен бе?

Қазақстанда орналасқан шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдар Сыртқы істер министрлігіне жолдайтын ноталарын қай тілде жібереді?...

Ол осыншама сауалға жауап беруі де, бермеуі де мүмкін. Ол сияқтылар қазақ басылымдарын мойындай бермейді. Оқымағасын, оқи алмағасын...

Ыдырысов қашан қазақша сөйлейді? Ешқашан. Ол мемлекеттік тілді өмір бақи үйренбей өтетіндердің бірі.

Тағы бір қазақ басылымы жазған бұл туралы.  2002 жылы Парламентте, депутаттардың алдында есеп берген Ерлан Ыдырысов мынадай «саяси мәлімдеме» жасаған екен: «Егер сіздер менің миымды ауыстырмасаңыздар, мен енді қазақ тілін үйрене алмаймын». Осылай деген ол.

Өзінің мемлекеттік тілді үйренбей өтерін сол кезде-ақ білген.

Біз болсақ «елшілер мемлекеттік тілді меңгерген бе?» дейміз оған. Бұлай сауал қоюдың өзі қисынсыз ба, қалай? Ыдырысовтың тілі түзелмей, Қазақстан дипломатиясы қазақша сөйлемейді, анығы.

image«Қазақ тілі – дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды» деген осы Ыдырысов.

Назарбаев өз қолымен бекіткен Қазақстанның сыртқы саясатының 2014-2020 жылға арналған тұжырымдамасында біздің азаматтардың шетелдегі жеке, отбасылық, іскерлік мүддесі мен құқығын қорғауды күшейту керек деген нақты тапсырмасы бар екен. Бәлкім, осы тұжырымдамаға «Қазақстан дипломатиясының барлық өкілі (үлкені де, кішісі де) мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деген тармақты, талапты енгізген жөн шығар. Бірақ, бұдан не пайда? Бәрібір «бәріне түсінікті болу үшін» орысша сөйлейміз ғой.

Ерлан Ыдырысов белгілі әдебиетші-ғалым Әбілфайыз Ыдырысовтың ұлы. Ақсақал ұлына осындай тәрбие берген. Тым болмаса тұрмыстық тілді де үйретпепті ұлына. Қазақ тілін мүлде қажетсінбеген.

Әкенің тәрбиесі ұлына жалғасты, немересіне беріледі, шөбересіне тарайды. Сайып келгенде, біз үшін түк өзгерген жоқ. Ертең «мен орысша оқыдым, орысша тәрбие алдым» дейтін тағы бір буын өсіп шығатын сияқты. Бәрі неден басталды?.. 

 

  


 

 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар