Иранда Сарапшылар кеңесінің шешімімен елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысы болып аятолла Моджтаба Хаменеи тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Иранның IRNA агенттігінің Telegram-арнасында жарияланған құжатқа сәйкес, жаңа көшбасшы кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен сайланған.
Мәлімдемеде шешім әскери қауіп-қатерлер мен қысымға қарамастан қабылданғаны айтылған.
«Кеңес кеңселерінің бомбылануы мен әскери қауіптерге қарамастан, ел басшысыз қалмауы үшін жаңа көшбасшыны таңдау үдерісі дереу жүргізілді. Бұл жұмыс елдің барлық өңіріндегі өкілдердің үйлестіруімен өтті», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Сарапшылар кеңесі Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін уақытша жұмыс істеген кеңес мүшелеріне алғыс білдіріп, Иран халқын жаңа көшбасшыға адалдық антын беруге шақырды.
Бұған дейін кеңес Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысының есімін жариялаған болатын. Бұл қызметке 56 жастағы Моджтаба Хаменеи, қаза тапқан Али Хаменеидің ұлы тағайындалды.
Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін елді уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарған. Оның құрамында президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Конституцияны қорғау кеңесінің мүшесі Алиреза Арафи болған.
