Ирандағы қақтығысқа байланысты мұнай бағасы 100 доллардан асты

Ақтоты Жапатова 09 нау. 2026 11:30

Әлемдік мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты, деп хабарлайды Dalanews.kz

9 наурыздағы сауда-саттық барысында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 108,17 долларға дейін көтеріліп, 17%-ға қымбаттады. Ал WTI маркалы мұнайдың құны 19%-ға өсіп, барреліне 107,82 долларға жетті.

Мұнай бағасының күрт өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әсер етіп отыр. Демалыс күндері АҚШ пен Израиль Тегеранға, соның ішінде мұнай сақтау қоймаларына жаңа соққылар жасаған.

Сонымен қатар Иран іс жүзінде Ормуз бұғазын жауып тастаған. Бұл – әлемдегі ең маңызды мұнай тасымалдау бағыттарының бірі. Сарапшылардың айтуынша, дүниежүзілік мұнайдың шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Қазіргі кезде онда миллиондаған баррель мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілмей, бөгеліп тұр.

Осы жағдайға байланысты Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейт мұнай өндіру көлемін қысқартатынын мәлімдеді. Өйткені мұнай мен газды тұтынушыларға жеткізу қиындап, үлкен көлемді сақтайтын орын жетіспей отыр.

Сарапшылардың болжамынша, егер Ормуз бұғазы наурыз айының соңына дейін жабық күйінде қалса, мұнай бағасы барреліне 150 доллардан асып, жаңа рекорд орнатуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove