Әлеуметтік желі қолданушысы Омарбек Көшкімбайұлы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметіне қатысты шағым айтып, видео жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның айтуынша, пойызбен сапарға шыққан 15 жастағы жасөспірімнен қосымша 5 мың теңге талап етілген. Балада жол жүруге қажетті барлық құжаттар – билеті мен ата-анасының жазбаша рұқсаты болған.
«Соңғы жылдары қызмет сапасы жақсарып, вагондардың іші тазарып, білікті мамандар келді деп мақтанып жүрсек, неге қолында ата-анасының рұқсаты бар, барлық құжаты толық баладан қосымша 5 мың теңге сұрайсыздар? Бала түнімен уайымдап ұйықтай алмаған. Бұл баланы бопсалау, буллингтің бір түрі емес пе?» – дейді ол.
Желі қолданушысы «Қазақстан темір жолы» компаниясынан осы жағдайға байланысты ішкі тексеріс жүргізуді сұрады.
Ережеге сәйкес, Қазақстан ішінде 15 жастағы жасөспірім пойызбен жалғыз сапарлай алады. Ол үшін жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі болуы керек. Сондай-ақ кей жағдайда ата-анасының немесе заңды қамқоршысының жазбаша рұқсаты және байланыс нөмірі сұралуы мүмкін.
Аталған жағдайға қатысты «Қазақстан темір жолы» компаниясының ресми түсіндірмесі әзірге жарияланған жоқ.
