Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов жаңа саясат Қазақстан экономикасының алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін және басты назар елдің ішкі инвестициялық әлеуетіне аударылатынын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бүгін біз ЖІӨ-нің 450 млрд доллар сипатындағы мақсатты деңгейіне қалай жетуге болатынын талқыладық. Инвестицияны молынан тартпай, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттің инвестициялық саясатқа анағұрлым белсенді қатысуға көшуі туралы ұсынысы дәлелді және уақтылы нәрсе", - деді ол.
Оның айтуынша, даму институттарын, соның ішінде бірінші кезекте «Бәйтерек» холдингін, осы жұмыстарға ауқымды түрде тарту мемлекеттен ел ішіндегі нақты салалар мен жобаларға капиталдың қозғалысын қамтамасыз ететін қаржы инфрақұрылымын құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте шетелдік компанияларды капитал көздері ретінде ғана емес, құзыреттердің, технологиялар мен басқару практикаларының тасымалдаушылары ретінде де тарту маңызды.
"Ең бастысы, мемлекет бастамашылық ететін жобалардың түсінікті экономикалық моделі, іріктеу мен сүйемелдеудің ашық тетігі болуы тиіс. Сонда олар жеке капиталды халықаралық деңгейде де тарта алады. Онсыз өсім бюджеттік қаржыландыру шеңберімен шектеледі", - деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ ол жаңа саясат жеке сектор мен банк жүйесінің рөлін нақты анықтауы керек екенін атап өтті. Әзірге, "инвестиция қалай бөлінеді және коммерциялық банктер бұл процеске қаншалықты белсенді қатысады" деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бір жағынан, мемлекеттің тікелей қатысуы кепілдік пен жылдамдықты қамтамасыз етеді, екінші жағынан, жеке бастамаларды да ұмытпау үшін нарықтық тетіктерді сақтау маңызды.
Ғалым Құсайынов мемлекеттік және нарықтық құралдарды сауатты үйлестіре білу Қазақстанға артық инфляциядан аулақ бола отырып, экономикалық өсудің сапалы жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін айтты.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі жанындағы сараптамалық кеңестің отырысында Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа проактивті саясаты қаралып жатқанын жазғанбыз. Бұл ретте Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай елдегі ЖІӨ-ні екі есе арттырып, 450 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл міндетті Үкімет алдына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр. Сондай-ақ Серік Жұманғарин бұл ретте практивті саясаттың драйвері Investment Board болатынын айтты.