Қазақстан 2029 жылға дейін 400 млрд доллар инвестиция тартады

Кәмшат Тілеухан 06 қаз. 2025 15:00

Ұлттық экономика министрлігі жанындағы сараптамалық кеңестің отырысында Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа проактивті саясаты қаралды. Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай елдегі ЖІӨ-ні екі есе арттырып, 450 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл міндетті Үкімет алдына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов атап өткендей, бұл тұста әңгіме мемлекеттің бизнесті тек сүйемелдейтін модельден салалар мен жобаларды ұйымдастыруға белсенді қатысу моделіне көшуі туралы болып отыр.

"Біз Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді өсудің рекордтық қарқынына қол жеткізген елдердің тәжірибесін зерттедік. Мұнда мемлекет өсу нүктелері мен стратегиялық бағыттарды 5-10 жыл ілгері анықтауға қатысқан екен", — деді ол.

Оның айтуынша, алға қойған мақсатты жүзеге асыру негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2024 жылғы 41 млрд доллардан 2029 жылы 103 млрд долларға дейін көбейтуді талап етеді. Осы кезеңде инвестицияның ЖІӨ-ге қатынасы 14%-дан 23%-ға дейін өсуі тиіс. Ал 2025-2029 жылдары инвестицияның жалпы көлемі шамамен 400 млрд болуы керек.

Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде мемлекеттік құрылымдар жаңа функцияларға ие болады. Енді олар экспортқа бағдарланған ірі жобаларды сырттан тартып қана қоймай, оны құрылымдауды, қаржыландыруды және басқарушылық қолдауды қамтамасыз ете отырып, өздері ұйымдастырады. Осы саладағы мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – экспортқа бағдарланған және өнімділігі жоғары жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін жетекші шетелдік және отандық компанияларды тарту, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингіне кіретін даму институттары арқылы қаржыландыру.

"Біз бизнестің орынын баспаймыз, керісінше онымен бірге жұмыс істейміз. Қосылған құнды кәсіпкерлер жасайды, прогрестің қозғаушы күші де солар болмақ. Ал біз отандық және шетелдік компанияларға олардың тәжірибесін, технологиясы мен капиталын тарту үшін жүгінеміз. Біздің инвестициялық дамудың негізгі бағыты саналатын – астықты терең және орташа өңдеу, металлургия, мұнай-химия сынды тағы да басқа салалардағы жетекші компаниялардан шетелдік чемпиондардың тізімін жасақтаймыз. Олармен қазақстандық жобаларға қатысуы үшін келіссөздерге бастама жасаймыз. Олардың салған инвестициясы, жасаған сараптамасы, сала мен технологияны бүге-шігесіне дейін білетін біліктілігі бізге осы жобаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз", — деп атап өтті Арман Қасенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар