Проактивті экономикалық өсу саясатының драйвері Investment Board болады - Жұманғарин

Кәмшат Тілеухан 06 қаз. 2025 15:05

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа модельде Investment Board – елдік ауқымдағы басым жобаларды айқындайтын және сүйемелдейтін инвестициялық қызмет негізгі мәнге ие болатынын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Проактивті экономикалық өсудің жаңа саясаты дегенде біз терең сараптаманы қажет ететін ірі жобалар туралы айтып отырмыз. Даму бағыттарын бір құрылымға келтіріп, ірі жобаларды басқаруда жоғары құзыретке ие мамандардан тұратын инвестициялық қызметті, яғни Investment board құруды жоспарлап отырмыз. Олар анағұрлым тиімді даму жолын сілтеп, экономикамыздың бағыттары мен тиісті жобаларды айқындайтын болады", деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, инвестиция тартудың бұрынғы жүйесі сақталады. Бірақ практивті саясаттың драйвері Investment Board болады.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі жанындағы сараптамалық кеңестің отырысында Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа проактивті саясаты қаралып жатқанын жазғанбыз. Бұл ретте Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай елдегі ЖІӨ-ні екі есе арттырып, 450 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл міндетті Үкімет алдына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар