Бұл мәселенің әлқиссасы, бюджет тапшылығы ғой. Бақандай 3 трлн теңге жоқ. Соның орнын толтыру керек болып, жоғарыдағылар жан-жағын қарманып әбден тыпырлап жатыр. Ұлттық қордан қанша алынғаны, бұл ретте кімнің не деп "жырлағанына" тоқталмай-ақ қоялық. Дегенмен демалыс күндеріне қарсы елең-алаң уақытта Еңбек министрі жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің ақшасына да көздері түсіп отырғандарын білдіріп, "бірдеме" деп қалды. Сол-ақ екен қарашаның наразылығы бұрқ етті, деп жазады Dalanews.kz.
Ал осы кезде жемқорлардың ішкен-жегенін көрмей, там-тұмдап соңғы инстанциясына әрең жететін "субсидия деген қып-қызыл шығын" дегенді біреу дәлелдеп шыға келді. "Жоқ" дегенді кесіп айтамын деп Қаржы министрінің де аузы күйді. "Мемлекеттік қызметкерлер енді сыйақы алмайды" деген ол біраз уақытқа дейін ақталуға мәжбүр болды. Көбісі бұл "қай сасқандары" деп шуласып, өз құлақтарына өздері сенбегендей болғанымен, көріп отырғанымыздай, бүгіндері Үкіметтің осындай бір сандырақтары ақырындап шынға айналып келеді.
Ескі Қазақстанның орнын жаңасы басып, агро салаға бөлінетін қыруар қаражаттан (жемқорлардың жемсауы), әрең дегенде күні кеше ғана "дәмін татып" көре бастаған фермерлер қауымы 2025 жылы субсидиядан мүлде қағылмақ. Бұл туралы бүгін, 18 қарашада Мәжілісте Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің кеңейтіліген отырысында мәлім болды. Депутаттардың сауалына жауап берген вице-премьер Серік Жұманғарин келесі жылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай субсидия бөлу кілт тыйылатынын айтты.
"Шынын айту керек, келесі жылы қаржылай субсидия бөлмейміз. Көктемдегі егістік науқаны кезінде 5% сыйақы мөлшерлемесімен несие береміз, болды, бітті. Субсидия деген жалпылама сипаттағы трансферттер арқылы әкімдіктің құзыретіне өтеді. Қолданыстағы бұл жүйеде үнемі кезек болып жатады, қарыздар көбейіп кетеді, міне осыны доғару керек. Сонда қалай? Субсидия дегенді алып тастаймыз, өйткені қаржыландыру жоқ", - деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, биыл бюджеттен субсидиялауға 1 млрд доллар бөлінген.
Ал "Отбасы банк" салымшыларының жылда бір рет алатын мемлекеттік сыйақысын қию, онда да пәтер сатып алғандарға қатыстысы, әзірге ұсыныс күйінде. Бұл туралы мемлекеттік банк басқармасы төрайымы Ләззат Ибрагимова "Уәде" бағдарламасына берген сұқбатында айтып қалды.
"Жарты жыл болды, мұны айтып келе жатқанымызға... Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанында жұмыс істеп жатқан бейресми комиссия бар. Сондай-ақ бұл ұсынысты ұлттық экономика, қаржы министрліктерімен де талқылаудамыз. Біз мемлекеттік сыйақыны заем алып үлгерген салымшыларға төлеуді тыю туралы ұсыныс жасадық. "Наурыз", "Бақытты отбасы" және тағы басқасы бойынша дегендей. Өйткені мемлекет бұл адамдар алдындағы баспанамен қамтамасыз ету мақсатын орындады ғой. Ал бұл ұсыныс қабылданса, онда жыл сайын 20 млрд теңге бюджет ақшасын үнемдеуге мүмкіндік аламыз", - дейді Ибрагимова.
Айта кетелік, бұл биылғы бюджет тапшылығына қатысты "марафон". Ал келесі жылы осындай үнемдеу шаралары одан сайын күшейе түсері айдан анық. Өйткені алдағы жылдың бюджетінде мұнай бағасы 70-75 доллар шамасында белгіленіп, асыра бағаланған болуы мүмкін. Өйткені Дональд Трамп билікке келсе, мұнайдың бір баррелінің құнын 40 долларға "құлатамын" деген амбициялық мақсаты бар. Бұл осы шикізат бағасы жақын болашақта арзандамаса, енді қымбаттамайтынын байқатса керек. Оның үстіне сарапшылар дабыл қағып, айтып жүрген экономикадағы үш дағдарыс та 2025-2026 жылдарға сай келіп тұр емес пе?..