"Еті шіріп, ауру тарауы мүмкін". Белгілі сарапшы киіктерді жазда ату қауіпті екенін ескертті

Көркем Алдабергенова 04 шіл. 2025 16:08

Азаматтық белсенді, жануарларды қорғау бойынша сарапшы Сәкен Ділдахмет киіктерді жазда атуға қатысты ойын ашық айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп. 

Сәкен Ділдахметтің сөзінше, ең біріншіден, киіктердің санын реттеу жұмысы дұрыс жүрмеген. 

"Киіктердің санын реттеу бойынша нақты ғылыми негіздеме әлі де жоқ. Ғылыми институттар киіктің қанша басын атуға болатынын, аталығы қанша, аналығы қанша екенін зерттеуі керек еді. Аталық жануардың жасы ескерілуі керек. Мысалы аталық 3-4 жылдан кейін ғана репродуктивті болады. Ал аналығы туыла сала жарты жылдан кейін репродуктивті киіктердің ойнағына қатыса алады. Ал бұған қатысты нақты зерттеу жоқ. Ертең киіктерді жаппай қырған кезде ол киіктердің келесі жылғы өсіміне, популяциясына зардабын тигізеді. Себебі киіктің бір аталығы олардың ойнағы басталған кезде 50-70 аналыққа дейін шаба алады. Яғни ұрықтандыра алады. Сондықтан бұл өте үлкен мәселе", - дейді сарапшы. 

Сонымен қатар, Сәкен Ділдахметтің сөзінше, киіктерді қырғаннан кейін оның етін пайдаланатын болса, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керегін айтады. 

"Екіншіден, киіктерді 2015 жылдан бері қырды. Сол кезде киіктерде тарады деген пастереллез ауруынан кейін зерттеулер жүргізілмеді. Киіктер басқа да аурулардан қырылуы мүмкін. Осы аралықта киіктің бойында қандай аурулар бары зерттелмеді. Осыдан үлкен мәселе туындайды. Қазір киікті атқан соң оны ет комбинаттарына жібереміз дейді. Ол жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі ескерілуі керек. Ертең халық киіктің етін жеп, жаппай ауырып, зардабын шегуі мүмкін. Бұл өте асығыс қабылданып жатқан шешім", - дейді маман. 

Сәкен Ділдахмет киіктердің көші-қон мәселесін реттеу керегін атап өтті. 

"Үшіншіден, шенеуніктер Батыс Қазақстан облысындағы басты мәселе - киіктердің шаруаларға кедергі келтіруі деп келтіреді. Мен ол өңірдің әр ауданын білемін. Бұл мәселе шаруаларға қатысты емес. Жер өте көп. Тек киіктердің көші-қон мәселесін қолға алу керек. Өкінішке қарай, мұндай жұмыстар жүргізілмеді. Салдарынан киікке қатысты осындай мәселе туындап отыр", - дейді Сәкен Ділдахмет. 

Сәкен Ділдахметтің сөзінше, киіктерді жазда ату қауіпті. 

"Киікті жазда ату – өте үлкен қате. Киіктердің санын реттейтін болса тек күз бен қыс аралығында реттеу керек. Мысалы былтыр киіктерді қырып, жай ғана жерге көміп немесе далаға лақтырып тастады. Ертең киіктің еті шіриді, одан түрлі ауру туындап, киік қана емес, үй жануарлары да жаппай қырылып кетуі мүмкін. Ал оны жаппай бақылауда ұстай алмай қалады. Оны инспекциялардың бақылауда ұстаудың мүмкіндігі де жетпейді. Бұдан шығатын тағы бір мәселе – бізде төрт ет комбинатының қуаты жетпейді. Егер 460 мың киікті қыратын болса, жануарлардың орташа салмағы 30 келі десек, ертең 14 миллион тонна игеретін бізде ет комбинаты жоқ. Тіпті елде етті 200 грамға бөліп, кублей ретінде сататын мүмкіндік жоқ. Сондықтан бәрі асығыс қабылданып жатқан дұрыс емес шешім", - дейді сарапшы. 

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында киіктерді ату басталғанын хабарлаған едік. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар