Ертаев пен Әлиевтің әрекетінде қандай ұқсастық бар?

Dalanews 17 мам. 2018 05:57 962

8 мамырда Мәскеуде алаяқтықпен айналысқан деген айыппен банкир Жомарт Ертаев ұсталды. Кейін Преснен аудандық сотының ұйғарымымен Ертаев 40 күнге үйқамаққа қамалды. Банкирдің білегіне жүріп-тұрғанын бақылап отыратын электронды браслет тақты жауапты органдар.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі іле-шала мәлімдеме жасады. Банкирге қандай айып тағылғанын айтты. «Ертаев RBK банкі директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған тұста жалған ЖШС арқылы банктен 80 млн доллар қарыз ақша алуға ықпал еткен әрі аталған қаражатты қайтармаудың қарекетін жасаған» деді министрлік.

«Спутник.kz-тің» хабарлауынша Қазақстанның құқық қорғаушылары аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыпталған Ертаевты халықаралық іздеуге беріпті. Осы күнге дейін Ертаев халықаралық іздеуде жүріпті. Ақыры Мәскеуде ұсталған.



Ішкі істер министрлігінің банкирдің мәселесін RBK банкімен байланыстырып отырғаны тегін емес.
RBK-нің төңірегіндегі ахуалдың ушыққаны сондай мұны былтыр Назарбаевтың өзі тілге тиек еткен. Президент банк акционерлерін ұры деп айыптаған еді.

Ал банктің жаңа басшылығы Ертаевтан 1,8 млрд доллар көлеміндегі несиені тездетіп өтеуді не болмаса банкирге қарасты «Алма ТВ» компаниясының акциясын беруді талап еткен.

Ертаевтың өзі қудалаудың себебін әлдекімдердің «Алмател Қазақстан»  компаниясының акцияларын тартып алудың амалы дейді.
«Мұның саяси астары ғана бар,  менің соңыма түсудің себебі сол ғана», – дейді әзір Мәскеудегі пәтерінде үйқамақта жатқан Ертаев.

Үйқамаққа алынбай тұра, банкир өзін ұлтшыл-патриоттардың қорқытып-үркітіп жүргенін, олардың ресейлік телеарналарды Қазақстан нарығынан ысырып шығаруды мақсат тұтатынын айтқан.

Ақыр соңында Ертаев Ресейден саяси баспана сұрап тынды.  

Сәтпаев не дейді?


Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Жомарт Ертаевтың ісінде саяси шиеленіс көп. Аңдап қараған адамға байқау да оңай мұны.

Сәтпаевтың пікірінше, әзір қазақстандық саяси элита мен бизнес элитаның арасында соңғы бірнеше жыл бойына түрлі салалардағы жекеменшікті бөліс-тартысқа салу науқаны жүруде.  Бұл қаржы секторына да қатысты. Бұлар Ертаевты құрықтай отыра оның арғы жағында тұрған ықпалды топтың өкілдерін тұзаққа түсірмек.

– Таңғалатын түгі жоқ. Қазақстан үшін қалыпты жағдай. Қалыптасқан жағдай. Тәжірибеде бар. Саяси сахнадаға аса ірі фигураны аяғынан шалмай тұра, алдымен оның айналысындағы, онымен байланысы бар адамдарды қармаққа іледі. Олардан сыр суыртпақтап, өздеріне керекті компромат жинайды. Бар болғаны осы.
Сәтпаев салыстыра кетіпті: Ертаев өзін саяси босқын ретінде көрсетіп отырғандардың алғашқысы емес дейді ол.

 Саясаттанушы Назарбаевтың экс-күйеубаласы, марқұм Рахат Әлиевті мысалға келтірген екен. Әлиев те аса ауыр айыптаулардан кейін елді тастай қашқан. Кейін өзін жүйеге қарсы күрескер ретінде көрсетіп, Қазақстан билігін сынауға көшкен.



Сәтпаевтың айтуынша, бұл да біртүрлі көрінген. Себебі Әлиевтің өзі ұзақ жылдар бойы осы жүйенің белсендісі болды әрі оппозицияны аяусыз жаныштады.
– Ертаев Ресейден саяси баспана сұрап жанталасуда. Содан болар банкирді Қазақстанға әкелу мәселесі белгісіз мерзімге тежеліп қалды. Бұған Ресей қалай қарайды?

Соңғы бір жарым жылда Назарбаев Ұлттық банк пен құқық қорғау құрылымдарынан қаржылық ахуалды ушықтырып отырған банк басшылары мен акционерлерін, қаржылық элита өкілдерін қатаң жазалау керектігін бір емес, бірнеше рет айтты. Ескертті. Президент сөзден іске көшуді талап етіп отыр. Кінәлілерді тап деп отыр Назарбаев. Бұған алғашқы болып іліккендердің бірі – Жомарт Ертаев, – дейді саясаттанушы.

Ал...


Ал Айдос Сарым болса, Ертаевтың құрықталуынан қандай да бір саяси астар іздеудің қисыны жоқ деген пікірде. Айтуынша, Ертаев сөзі мен ісінен тапты. Қаржылық алаяқтығы ақыр аяғы түбіне жетті банкирдің.
  – Ертаев па? Қатардағы ұры ол... Жазалау керек, жаптыру керек.  Аяқасты азаматтық сұрауы да тегін емес. Аузына келгенді айтты, ұлтшылдар қорқытып жүр деді. Егер Ертаев азаматтық алар болса, оны елге әкелу де мүмкін болмайды, – дейді саясаттанушы.
Ертаевтың құқық қорғау органдарының назарына іліккені алғашқы рет емес. 2009 жылдың жазында сол тұстағы «Альянс-банктің» басқарма төрағасы Жомарт Ертаевты миллиард долларға жуық қаражатты қалтасына басты деген айыппен қамауға алған.

Кейін қылмыстық істің бабы өзгеріп, «бухгалтерлік және қаржылық есепті жүргізуде заң бұзған», «банктің ақшасын заңсыз пайдаланған» деп айыпталған еді Ертаев. Банкир айыппұл төлеп құтылған. 

2014-2016 жылдың аралығында Ертаев «Алма ТВ» қазақстандық кабельді операторын басқарды. Кейіннен «Алма Групп» халықаралық холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы болды.

2017 жылы банкир қос бірдей қаржылық құрылымның (Тройка-Д банк, Волга-Оксколық коммерциялық банк) директорлар кеңесінің төбе басында отырды.  Соған қарамай соңғы үш жыл бойына Ертаев Қазақстаннан жырақта жүрді.

Биылғы жылы 


Биылғы жылдың көктемінде қаржылық қиындыққа тап болған Qazaq Banki Ертаев пен оның айналасындағы адамдарды банктің қаржылық ахуалына кесірін тигізді деп айыптады.



Банкирдің өзі жоққа шығарды мұны. «Qazaq Banki-нің акционерлер құрамына да, басшылық құрылымына да ешқашан кірген емеспін», – деді Ертаев.

Күні кеше Alma Group сайтында Ертаевтың мәлімдемесі жарық көрді. Банкир өзіне қатысты барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап берген екен.

Айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің Қылмыстық кодексінде «лоббизм» үшін жауапқа тартатын заң жоқ.

«Айттым ғой,  RBK мен Qazaq Banki-нің акционерлер құрамына да, басшылық құрылымына да енген емеспін. Айлық та алғаным жоқ ол жерден. Керек десеңіздер, тексеріп көріңіздер. Олардың кредиттік саясатына ықпал еткен жоқпын, мұндай мүмкіндігім де болған жоқ», – дейді банкир.
Ертаев өзіне қатысты істі қолдан жасалған, тырнақ астынан кір іздеу деп санайды.

«Маған және Alma Group-тың аясындағы серіктестеріме сұмдық қысым жасалып жатыр. Маған Қазақстанда іздеу жарияланғаны да жалған. Интерпол бойынша халықаралық іздеуде жүргенім де өтірік. Қазақстандағы құқық қорғау органдары менің қайда, не істеп жүргенімді жақсы білген. 

Егер анық халықаралық іздеуде жүрсем, ендеше ресейлік құқық қорғау органдарының тізімінен де атып шығар едім. Осы күнге дейін менің аты-жөнім бұл тізімде болған жоқ», – дейді банкирдің өзі.
Оның айтуынша, халықаралық іздеуде жүргені Интерполдың ақпаратынан да табылмаған.

«Егер Интерпол бойынша нақты іздеу салынса, Ресей шекарасынан Еуропаға емін-еркін өтпес едім. Мені құрықтаудағы және әрі қарай Қазақстанға жеткізудегі мақсат – тынысымды тарылту, еркіндігімді шектеу», – дейді әзір Мәскеуде үйқамақта жатқан Ертаев.

 Дайындаған Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар