Ержан Ұзабаевқа қатысты күмәнді деректер жарияланды

Қаракөз Амантай 31 нау. 2026 10:50

Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевқа қатысты бірқатар күмәнді деректер айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Dissident YouTube арнасында жарияланған видеода мәлім болды.

Арна авторларының айтуынша, экс-полицей Алмалы ауданында арнайы батальонды басқарған кезде жалған жол-көлік оқиғаларын тіркеп, сол арқылы сақтандыру төлемдерін алып отырған.

“Олар люкс санатындағы көліктерге қатысты жалған жол апаттарын рәсімдеп, сақтандыру компаниялары арқылы ірі көлемде қаражат шығарып отырған”, – дейді дереккөз.

Видеода айтылған мәліметке сәйкес, мұндай әрекеттер тек Алматы қаласымен шектелмей, Жамбыл және Алматы облыстарында да болуы мүмкін. Атап айтқанда, жүк тиелген фуралар “өртенді” деген жалған құжаттар рәсімделіп, сақтандыру төлемдері алынғаны айтылған.

Дереккөздің мәліметінше, бұл схема бірнеше жыл бойы жүйелі түрде жүзеге асырылып келген.

Сонымен қатар автор экс-полицейге тиесілі болуы мүмкін мүлік туралы да мәлімет келтіреді. Олардың айтуынша, Жамбыл облысы Отар маңындағы ірі шаруашылық ресми түрде туысының атына тіркелгенімен, іс жүзінде оның өзіне тиесілі болуы ғажап емес.

“Бұл мүлік заңсыз жолмен алынған болуы мүмкін”, – дейді видео авторы.

Бұдан бөлек, бірқатар қымбат автокөліктер мен бизнес нысандары да оның туыстарының атына рәсімделгені айтылған.

Сондай-ақ видеода аталған тұлғамен байланысы бар делінген бірнеше адамның есімі келтіріліп, олардың кейбірі бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарғаны және түрлі дауларға қатысты болғаны аталып өткен.

Авторлардың пікірінше, бұл жағдайлар ұйымдасқан қылмыстық топ белгілеріне ұқсайды.

Осыған байланысты олар Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ өзге де құқық қорғау органдарына үндеу жасап, аталған деректерді тексеруді сұраған.

“Егер бұл мәліметтер тексерілмесе, онда құқықтық мемлекет қағидаларына күмән туындайды”, – делінген видеода.

Айта кетейік, бұған дейін Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатынан кейін қалалық полицияда кадрлық өзгерістер басталғаны туралы жазған едік.

Бейресми деректерге сүйенсек, Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев еңбекке жарамсыз деп, уақытша демалысқа кеткен. Оның қызметтен босатылуы да мүмкін екені айтылуда.

Сондай-ақ, әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев қызметінен кеткені белгілі болды. Бұдан бөлек, арнайы батальонның үш взвод командирі және патрульдік полиция полкінің бір рота командирі де лауазымынан айырылған.

Еске салайық, бұған дейін заңгер Молдахан Әділетхан әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апатының мән-жайын жариялап, жарысқа қатысы болуы мүмкін тұлғалар арасында жоғары лауазымды полиция қызметкерінің аты аталған болатын.

Ресми органдар әзірге бұл кадрлық өзгерістерге қатысты толық түсініктеме берген жоқ. Алайда оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау жүйесіне қатысты сұрақтарды күшейтті.

Қазіргі уақытта апат бойынша тексеру амалдары жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove