“Қазақтелеком” АҚ-ның бұрынғы басшысы Қайрат Кәрібжанов қазіргі таңда “QazTrade” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Осы тұста компанияның бюджеттен 151 млн теңге жұмсауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл мәліметті EGov.press телеграм арнасы жариялады.
Айта кетейік, Кәрібжанов шамамен 20 жыл бұрын ай сайын 365 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алғаны үшін сынға ұшырап, қызметінен босатылған еді.
Дереккөз ақпаратына сәйкес, бүгінде шенеунік жетекшілік ететін “QazTrade” АҚ бюджет қаражаты есебінен шамамен 151 млн теңгені түрлі іс-шараларға жұмсауды жоспарлап отыр.
“Бұл қаражат семинарға ұқсас форматтағы жиындарды өткізуге бағытталуы мүмкін. Бұл жағдай Президенттің бюджет қаражатын үнемдеу жөніндегі тапсырмасы аясында қоғамда түрлі пікір туғызды. Әзірге аталған мәселеге қатысты ресми органдар нақты түсініктеме берген жоқ”, – деп жазды дереккөз.
