Алматы облысында жолаушылар автобусы мен пойыздың қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Апат Алматы - Боралдай - Шамалған станциясы бағытындағы теміржол өткелінде тіркелген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, маршруттық автобустың жүргізушісі көмір станциясынан келе жатқан пойызға жол бермей, соқтығысқа жол берген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеріс жүргізіліп жатыр.
Жол апаты салдарынан алты адам зардап шекті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы жедел жәрдем бригадалары арқылы Іле аудандық орталық ауруханасына және Боралдай кентінің аудандық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлік тексеруден өтіп, қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқастар амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді.
Аталған жағдай Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
