Алматы қаласының Бағанашыл шағынауданында орналасқан балалар үйінің бірнеше ғимараты толықтай бұзылды. Атап айтқанда, әкімшілік және оқу корпустары, сондай-ақ спорт және акт залдары апатты деп танылып, сүруге жатқызылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 2025 жылғы 13 қазанда «Integra Construction» ЖШС мен қалалық құрылыс басқармасы арасында жаңа нысанды жобалау бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.
Техникалық тексеру нәтижесінде аталған ғимараттарды сейсмикалық тұрғыда күшейту мүмкін емес екені анықталған. Осыған байланысты оларды толық бұзу туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта бұл нысандарды демонтаждау жұмыстары аяқталған.
Жоба аясында балалар үйінің жатын корпусы қайта жаңғыртылып, жаңа оқу, әкімшілік, спорт ғимараттары мен асхана салу көзделген.
Құрылыс жұмыстарын осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
