2026 жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жолдардан шамамен 97–100 млрд теңге жинауды жоспарлап отыр. Бұл туралы басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, түскен қаржының 30 пайызы жолдарды күтіп-ұстауға бағытталады. Тағы 10 пайызы арнайы техника мен бейнебақылау камераларын сатып алуға жұмсалады.
Соңғы екі жылда компания 1200 дана техника сатып алған. Алдағы уақытта тағы 800 техника алу жоспарланып отыр. Жалпы қажеттілік шамамен 2000 бірлік.
Сонымен қатар, жолдардың сапасына байланысты «ҚазАвтоЖолға» қарсы сотқа жүгінгендер де бар. Қазіргі уақытта жеті қазақстандық көліктері зақымданғанын айтып, өтемақы талап етіп отыр.
Дархан Иманашевтің сөзінше, талапкерлер көліктің жүріс бөлігі бұзылып, дөңгелектері жарылғанын алға тартқан. Алайда компания тек сот шешімі шыққан жағдайда ғана шығынды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетерлігі, компанияның ресми деректерінде жол сапасына байланысты бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Ведомствоның нұсқасына сәйкес, апаттар басқа себептерден болады.
