Алматыда наурыз айының ортасында ұсталған белсенді Санжар Бокаевқа қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Бас прокуратура Informburo.kz сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы күдіктінің әрекетін Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша саралау туралы қаулы шығарған.
Атап айтқанда, іс ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – аса ірі көлемдегі алаяқтық және 340-бабы 3-бөлігі 1-тармағы – адамдар тобы жасаған заңсыз ағаш кесу деректері бойынша қаралып жатыр.
Бас прокуратураның хабарлауынша, аталған қаулы прокурормен келісілген.
Бұл баптар бойынша күдіктіге айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылуы мүмкін.
Еске салайық, Санжар Боқаев жалған ақпарат тарату және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың қоғамдық саябақ аумағында ағаштарды заңсыз кескені және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлағаны туралы видео жариялады деген күдікке ілінген.
