Qazaq Expert Club-тың медиа саласындағы сарапшысы Мира Халинаның айтуынша, бүгінде деректер көптігі мен жасанды интеллект дамуына байланысты адамға ақпарат шынайылығын бағалау барған сайын қиындап кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Кез келген адам жаңалық жариялай алады, ал медиалар оны тез іліп әкетеді, содан кейін ол әлеуметтік желілерде жылдам таралады. Мәселе мынада: ақпараттың таралу жылдамдығы көбіне оны тексеруден әлдеқайда озып кетеді", – деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Көбіне бұл әкімшілік шаралармен, соның ішінде айыппұлдармен байланысты, ал кейбір жағдайларда заңнама аясында неғұрлым қатаң жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін.
Жаңалықтың шынайы емес екенін қандай белгілер көрсетеді? Мира Халинаның пікірінше, бұл тұста бірнеше негізгі сигнал бар: дүрбелең туғызатын әрі "айқайлаған" тақырыптар, дереккөздерге сілтеме болмауы, сондай-ақ, "сарапшылардың айтуынша" немесе "ғалымдар дәлелдеді" сияқты нақты емес тұжырымдар.
"Қазіргі фейктер ашық жалған ақпарат сияқты көрінбейді. Көбіне күрделірек тәсілдер қолданылады: фактілерді контекстен жұлып алу, ұғымдарды алмастыру, ескі фото мен видеоларды пайдалану, манипуляциялық тақырыптар", – деп толықтырды ол.
Жасанды интеллект фейктерді анықтауға, үлкен деректер көлемін талдауға және күмәнді жазбаларды табуға көмектесе алады. Алайда дәл осы технологиялар дезинформацияның күрделірек түрлерін жасау үшін де қолданылады, мысалы дипфейктер.
"Бүгінде біз визуалды манипуляциялардың өсуін де байқап отырмыз: өзгертілген суреттер мен жасанды интеллект арқылы жасалған контент. Сонымен қатар, қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған ақпараттық науқандар да күшейіп келеді. Кейде бұл бизнес ілгерілету үшін қолданылса, кейде қоғамдық пікірге ықпал ету құралы ретінде пайдаланылады", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жалған ақпарат таратушыға айналып кетпеу үшін жаңалықтарды бөлісуге асықпау маңызды. Дереккөзді, жарияланған күнін тексеріп, басқа сенімді медиалардан растау іздеу қажет. Кейде жалған ақпараттың таралуын болдырмау үшін бірнеше минуттың өзі жеткілікті.
"Қазіргі заманда медиасауаттылық оқу немесе жазу сияқты базалық дағдыға айналып келеді. Адамдар ақпаратты сыни тұрғыдан талдауды неғұрлым ерте үйренсе, қоғам дезинформацияға соғұрлым төзімді болады", – деп түйіндеді сарапшы.
