Ердоған түркі елдеріне ортақ әліпби қолдануды ұсынды

Ердоған түркі елдеріне ортақ әліпби қолдануды ұсынды
Фото: Ақорда

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде түркі әліпбиін кеңінен қолдану және ғылым, білім беру мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Саммит Түркістан қаласында өтті.

Ердоғанның айтуынша, түркі әлемінің тілдік және мәдени мұрасын сақтап, нығайту үшін цифрлық шешімдерді дамыту ерекше маңызға ие.

– 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиін қолдану аясын кеңейту маңызды. Сонымен қатар, қатысушы елдердегі ғылыми және білім беру бастамаларын қолдау қажет. Түркі әлемінің тілдері мен мәдени мұрасын дамытуда жасанды интеллект технологиялары ерекше рөл атқарады, – деді Түркия басшысы.

Сондай-ақ ол аймақтық және жаһандық дағдарыстар жағдайында мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті.

– Біздің айналамыздағы дағдарыстар ынтымақ пен ортақ әрекеттің маңызын көрсетіп отыр. Елдер арасындағы кеңесу және серіктестік тетіктерін нығайту қажет, – деді Ердоған.

Түркия президенті көлік-логистика бағыттарын дамыту мәселесіне де тоқталып, Орта дәліздің стратегиялық маңызын ерекше атады.

– Орта дәлізді қоса алғанда, көлік және логистикалық жобаларды дамыту маңызды. Бұл – стратегиялық маңызы жоғары бағыт, – деді ол.

Бұдан бөлек, Ердоған әлемнің бірқатар өңіріндегі ахуал мемлекеттердің өзара тығыз үйлестіруін талап ететінін айтты.

– Палестина, Иран, Украина және басқа да өңірлердегі жағдай бірлескен күш-жігер мен тығыз координацияны қажет етеді, – деп атап өтті Түркия президенті.

Аталған бастамалар Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитінің күн тәртібі аясында көтерілді. Жиында цифрлық даму, қауіпсіздік және интеграцияны күшейту мәселелері негізгі тақырыптардың бірі болды.