Қазақстан ҰҚК Шекара академиясына ТМД аясында жаңа мәртебе берілді

Қазақстан ҰҚК Шекара академиясына ТМД аясында жаңа мәртебе берілді
Фото: bilimdinews.kz

Самарқанд қаласында Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 92-отырысы өтті. Жиынға тоғыз елдің шекара қызметі делегациялары, сондай-ақ ТМД, ШЫҰ және терроризмге қарсы құрылымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесудегі Қазақстан үшін басты жаңалықтардың бірі — ҰҚК Шекара академиясына ТМД елдерінің базалық ұйымы мәртебесінің берілуі болды.

Енді академия тек маман даярлаумен ғана айналыспайды. Сонымен қатар шекаралық бақылау саласындағы ортақ тәсілдерді қалыптастыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға атсалысады.

Яғни Қазақстандағы Шекара академиясы ТМД кеңістігіндегі шекара қауіпсіздігі мәселелері бойынша негізгі орталықтардың біріне айналмақ. Мұнда салалық мамандар даярланып, жаңа қауіп-қатерлер зерттеліп, шекара қауіпсіздігін күшейтуге арналған шешімдер әзірленеді.

Отырыс барысында ТМД елдерінің сыртқы шекараларындағы ахуал, трансшекаралық қылмысқа, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері де талқыланды.

Қатысушылар шекара ведомстволары арасындағы ақпарат алмасу, кадр даярлау, ғылыми жұмыстарды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударған.

Кездесу қорытындысы бойынша ТМД-ның сыртқы шекараларының қауіпсіздігін күшейтуге және шекара қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған 16 шешім қабылданды.