Сарапшы Алматыдағы баспана бағасына не әсер ететінін түсіндірді

Көркем Алдабергенова 02 сәу. 2026 09:10

Бүгінде Алматыдағы жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 750–850 мың теңге. Мұндай бағаның қалай қалыптасатынын Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнурова түсіндіреді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының сөзінше, көбіне жоғары бағаны “құрылыс салушылардың ашкөздігімен” байланыстырады. Алайда іс жүзінде шамамен 800 мың теңгені бір шаршы метрге бөліп қарасақ, қаражаттың қайда жұмсалатыны айқын көрінеді.

Ең үлкен шығын құрылыс жұмыстары, 1 м² үшін 320–380 мың теңгедей жұмсалады. Оның ішінде шамамен 165 мың теңге құрылыс материалдарына (бетон, арматура, кірпіш), 75 мың теңге жалақыға, тағы 30–35 мың теңге сейсмикалық күшейтуге жұмсалады.

Екінші маңызды шығын – жер телімі. Оның құны 1 м² үшін 160–180 мың теңге шамасында. Қаланың жоғарғы бөлігінде және “алтын квадратта” жердің үлесі жалпы құнның 25%-ына дейін жетеді.

Дәл осы құрылыс пен жердің құны қаладағы баға айырмашылығын қалыптастырады. Материал мен жер телімі қымбаттаған сайын, түпкі баға да өседі.

Мысалы, Алатау немесе Наурызбай аудандарындағы эконом-класс тұрғын үйлердің бағасы 1 м² үшін 480–550 мың теңге болса, комфорт-класс – 650–780 мың теңге аралығында. Абылай хан даңғылынан жоғары орналасқан аудандарда комфорт және бизнес-класс жаңа үйлердің бағасы 800 мың теңгеден басталып, 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Ал Медеу ауданындағы элиталық тұрғын үйлердің бағасы бір шаршы метр үшін 1,5 млн теңгеден басталады.

Тұрғын үй бағасына қосылған құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін өсуі де елеулі әсер етіп жатыр. Қазіргі таңда салық жүктемесі 1 м² үшін 144–160 мың теңге, бұл жалпы құнның шамамен 20%-ы.

Сонымен қатар құрылыс салушының операциялық шығындарын да ескеру қажет. Мысалы, сату кеңселерін ұстау, маркетинг пен жарнамаға 1 м² үшін 56–80 мың теңге жұмсалады. Бұған қоса, құрылысқа алынған несиелер бойынша пайыздық төлемдерге 40–64 мың теңге кетеді.

Нәтижесінде құрылыс салушының таза пайдасы 1 м² үшін шамамен 50–70 мың теңгені құрайды – бұл жалпы құнның 6–8%-ы ғана. Тәуекелдерді ескерсек, бұл айтарлықтай жоғары маржа емес.

"Қорытындылай келе, қазіргі бағалар шекті деңгей емес. Атап айтқанда, жаңа тұрғын кешендердің жанынан мектептер мен балабақшалар салуға құрылыс салушылардан міндетті жарна енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл әр шаршы метрдің өзіндік құнына қосымша 15–20 мың теңге қосуы мүмкін", – дейді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove