Құрбан айтта жағдайы бола тұра құрбандық шалмау исламда ауыр амалдардың бірі ретінде айтылады. Бұл туралы хадистерде нақты ескертілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Пайғамбар Мұхаммед ﷺ хадисте:
«Кімнің жағдайы бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын», – деген.
(Ибн Мәжа риуаяты)
Ислам ғалымдарының айтуынша, бұл хадис құрбан шалудың мұсылман үшін қаншалық маңызды екенін көрсетеді.
Тағы бір хадисте:
«Құрбан айт күні адам баласы қан ағызудан артық Аллаға сүйікті амал жасай алмайды. Қиямет күні ол мүйізімен, тұяғымен және жүнімен келеді. Құрбандық қаны жерге түспей тұрып Алланың құзырында қабыл болады», – делінген.
(Тирмизи риуаяты)
Дін мамандары құрбандық тек мал сою емес екенін айтады. Оның басты мәні Аллаға жақындау, мұқтаж жандарға көмектесу және сараңдықтан арылу.
ҚМДБ мәліметінше, құрбандық шалу жағдайы жететін мұсылманға міндеттеледі. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады.
Шариғат бойынша:
— қой мен ешкі кемінде 1 жаста,
— сиыр 2 жаста,
— түйе 5 жаста болуы керек.
Сонымен қатар мал сау әрі кемшіліксіз болуы қажет.
Имамдардың айтуынша, Құрбан айттағы садақа, кешірім және көмек беру адамды көптеген жамандықтан сақтайтын амалдардың бірі саналады.
Хадисте:
«Садақа бәлені қайтарады», – деп айтылған.
(Табарани риуаяты)
Сондай-ақ исламда мұқтажға көмектесу, туыстық байланысты сақтау және жетім-жесірге қолдау көрсету үлкен сауап амалдардың қатарына жатады.
Биыл Қазақстанда Құрбан айт 27–29 мамыр аралығында өтеді. Құрбан айттың бірінші күні – 27 мамыр ресми демалыс болып белгіленген.