Қайрат Жолдыбай: «Дін саласындағы өзгерістер сәләфилердің әрекетіне тосқауыл қояды»

Dalanews 08 қыр. 2021 16:35 859

Жаңа ғасырдың табалдырығын аттаған тұста еліміздің әр саласы   жаңаша дамуға бағыт алды. Әр саланың дамуы оның тамырына үңілуден басталатындай.  Тамырымызға терең үңіле бастаған тұста бұл ниетімізге қарсы тұрғысы келетін сыртқы күштердің  қарқын алуы ел ішіндегі ислам дініне деген сенімге селкеу түсіріп жібергендей.  Мұндайда ата-бабалар салған сара жолға жүгіну мәселенің түйінін шешуге жақындатпаса, алыстатпасы анық. Дәстүрлі  діннің қадір-қасиетін жас ұрпаққа ұғындыруда біз нені ескермей жүрміз, қай жерде қиыс кеттік деген мәселе төңірегінде «Қазақ әдебиеті» газеті исламтанушы ғалым, PhD докторы Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫМЕН әңгімелескен екен. Өткір, өзекті дүние болғандықтан ықшамдап назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

ДҮМШЕ УАҒЫЗДАРДЫ КІМДЕР АЙТЫП ЖҮР?

– Бүгінде мешіт саны көбейіп, намаз оқитындардың саны артқанымен, кей адамдардың дінге күмәнмен қарайтындығы байқалады. Бұған не себеп?

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары  дін тұрғысынан рухани базамыз болмады. Қолымызда бірде-бір Құранның аудармасы болған жоқ. Ислам діні туралы сөз қозғаған шығармалардан Абайдың «Қара сөзі», өлеңдері, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты», Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандық тұтқасы» секілді кішкентай-кішкентай үш кітаптан басқа діни әдебиет болған жоқ. Тәуелсіздікті осылай қарсы алдық. Дінді дұрыс түсіндіретін білікті кадрлар, ғұламалар жоқ болды.

Елімізде небары 68 мешіт бар еді, олардың өзі мұнарасы я күмбезі жоқ, дүкенді, яки ескі мәдениет үйін мешітке ыңғайлаған күйде еді. Халықтың діни сауаты нашар болғасын әр түрлі ағымдар насихат жүргізе бастады, ол кезде елдің экономикалық жағдайы да мәз емес еді. Осындай факторлардың әсерінен елімізге әр түрлі ағымдар тарап кетті.

Сәләфи ағымының кең етек жаюы салдарынан ислам дініне кір келтіретін оқиғалар, жарылыстар болды. Жарылыстан бөлек адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы бұзылды. Ағайындылар дастархан басында бірге отыра алмайтын жағдайға жетті. Мұның барлығы дінге көлеңке түсірді. Мешіттің салыну қарқыны мен халықтың сұранысына сәйкес діни білікті маман даярлап үлгере алмадық. Бір мешіт салып шығу үшін алты ай уақыт жетеді, ары кеткенде бір жыл. Ал білікті маман жетілуі үшін кем дегенде, бес-алты жыл керек. Оның үстіне зайырлы елміз, дін мемлекеттен бөлек деп, дінге немқұрайлы қарадық, қаржының көзі болмады.

Бұрынғы милиция қызметкерлері, жол-көлік инспекторлары, кеңес өкіметінің тұсындағы шолақ белсенділер діннің қайта келуімен өзінің бұрынғы қызметтерін жоғалтып алған соң, бірді-екілі сүре жаттап қайтадан төрге озды. Дүмше уағыздар айтылды. Мұның соңы кейбір зиялы деген кісілердің молдаларға, діндарларға, жалпы дінге менсінбей қарауына, тіпті дінге күдікпен қарауына әкеп соқты.

– Өкінішке қарай, кейбір адамдардың «Батыс діннен алшақтағанда ғана ғылымда қайта өрлеу дәуірі басталды, даму белең алды. Мұсылмандар да діндерінен алшақтар болса, бәлкім, артта қалудан құтылар ма еді» дегенін де құлақ естіп жүр.

– Батысты мұсылмандармен салыстыруға мүлде болмайды. Себебі, сол кездегі шіркеу  ғылымға қатты қарсы  болғандықтан, батыстың одан құтылған шақта дамуы табиғилық. Ал ислам діні ешқашан ғылымға қарсы болмаған. Тіпті, әрдайым қолдап отырған. Сондықтан дінді жақсы түсініп, Құранға құлақ асқанда ғана мұсылмандар ғылымда шарықтап, мәдениетте өркендеген. Әлемге ғасырлар бойы ұстаздық еткен.

Алайда Құран қағидаларынан алшақтап, өзгелерге ес-түссіз еліктеп, өз тектерінен адасып, қастерлі ұғымдарды аяқасты еткен кезде кері кету басталды. Ғылымда артта қалып, сауатсыздықтың шыңырауына құлады. Ендеше, мұсылмандардың артта қалуы діндерінің керітартпалығынан емес, керісінше діндерінен алшақтауында, Құранның өміршең қағидаларын жаңа өмірге сай дұрыс түсіне алмауында болмақ.

 

ТЕРРОРИЗМНІҢ АРТЫНДА ТҰРҒАН КҮШТЕР МАҚСАТЫНА ЖЕТТІ МЕ?

– Терроризм, экстремизм, сәләфизмге қатысты өткір ойларыңызды білдіріп, қоғамның  дертті тұстарын тамыршыдай дөп басып айтып жүрсіз. Енді осы тақырыпқа қарай ойыссақ. Қазақстанда орын алып жатқан экстремизм мен терроризмнің артында кімдер тұр? Және олар өз мақсаттарына жетті ме?

– Экстремизм, терроризм, радикализм бұл кеңінен ойластырылып, жоспарланған дүниелер. Артында алпауыт қара күштер, жасырын мемлекеттер тұр. Әрине, олардың өзіндік мақсат-міндеттері бар. Экстремизм, терроризмнің артында тұрған күштер Қазақстанда белгілі бір деңгейде өз мақсаттарына жетті деп ойлаймын.

2011 жылдан бері тізбектеліп басталған терактілер, қоғамда теріс пікір қалыптасқан сәләфизм ағымының іс-әркеттері белгілі бір деңгейде қазақ қоғамын, мемлекетті дінге деген теріс көзқарас қалыптастыруға итермеледі.

Қазір, әсіресе батыс өңірлерде ата-аналар балаларын мешітке жіберуге қорқады. Бұрын дінге бет бұрды, намаз оқыды десе қуанатын еді. Қазір теріс ағымға кетіп қалады деп үрейленеді. Сөйтіп, «мешітке бару орынсыз» деген сияқты үркек мінез, көзқарас пайда болды. Бұл – меніңше, өте қауіпті нәрсе. Себебі, экстремизм мен терроризмнің артында тұрған күштер белгілі бір халықты өзінің негізгі тірегінен, рухани құндылығынан бездіргісі келеді. Дінсіз өскен жастар, кез келген нәрсеге ергіш келеді. Оларда ұстаным жоқ болады. Халықтың тірегі – дін. Дінсіз адам дүбәрә болып қалады.

Елдегі экстремизм мен терроризмді ұйымдастырушылар осы мақсаттарына қол жеткізді. Біздегі дінге қатысты мәселелерде шешім шығаратын органдарға да белгілі бір деңгейде осы жағдай әсер етіп отыр.

 

ДІН ІСТЕРІ МИНИСТРЛІГІНІҢ АЛДЫНДА ҮЛКЕН МІНДЕТ ТҰР

– Жақында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мырзамен арнайы кездестіңіз. Фейсбук парақшаңызда Дінге қатысты кейбір заң актілеріне енгізілгелі отырған өзгерістердің ұтымды жақтары мен алаңдатып отырған тұстарын министрге жеткізгеніңізді жаздыңыз. Сіз айтқан осы өзгерістің ұтымды жері қайсы, қай тұсына алаңдадыңыз, оқырманмен бөлісе отырсаңыз…

– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ашылғалы бірқатар іргелі істерді қолға алды.  Дінге қатысты кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізгелі отыр. Бұл – осы министрліктің алдында тұрған үлкен міндет. Заңның жобасын талқылауға дін маманы ретінде қатысып, пікірлерімді айттым.

Алғашқа нұсқасында мүлдем қатты кеткен тұстары болған еді. Дін мамандарының қарсы уәждерінен соң,  кейбір жайттар жұмсартылды. Заң жобасында жат ағымдардың емін-еркін уағыз айтуына тосқауыл болатын біршама тиімді тетіктер қарастырылған. Бұдан былай әркім, әр жерде уағыз айта алмайды. Діни бірлестіктердің ғимаратында сондай-ақ, заңнамада көрсетілген белгілі бір орындарда ғана уағыз айтылуы керек деген шектеу аясына Қазақстан Ұлттық арнасы, Хабар, Қазақ радиосы, Шалқар, т.б. бұқаралық ақпарат құралдарын кіргізбеу керек деп ойлаймын. Бұл БАҚ-та мемлекеттік лицензиясы бар білікті мамандардың сөз айтуына рұхсат беруіміз керек. Себебі, діннің дұрысын халыққа көрсетіп, көзін ашпасақ,  халық өзінің діни қажеттілігін әр түрлі қауіпті, жаңсақ ақпараттармен толықтыруы мүмкін. Сондай-ақ, деструктивті ағымның  анықтамасын ауқымды әрі түсінікті етіп берген.

Белгілі бір халықтың төл мәдениетіне, тарихи тұлғаларына, әдет-ғұрпына діни көзқарас бойынша қарсы шығуды деструктивті ағымның белгілері қатарына қосқан. Бұрын мұндай анықтама жоқ еді. Бұл – жақсы дүние. Егер белгілі бір халықтың әдет-ғұрпына қарсы шығуды деструктивті ағымның белгісі ретінде қарасақ, бұл көптеген діни ағымдардың іс-әрекетіне тосқауыл болады.

Сәләфилердің де негізі ұстанымы дәл осы әдет-ғұрыпты бидғат ретінде, исламға кейіннен қосылған қоспа ретінде қарап, наурыз мерекесі, тұсаукесер, келіннің бетін ашу, сәлем салу секілді әдет-ғұрыптарымызға тіл тигізіп жүрген еді. Жаңа заңдағы өзгерістің осындай көңілге қонымды тұстары бар.

Ұсынылып отырған заңның бір бабында кәмелеттік жасқа, яғни 18-ге толмаған бала мешітке әке-шешесінің  ресми  рұқсатымен және әкесі немесе анасы, яки басқа бір жауапты адам бірге баруы шарт делінген. Мешітке барса бала да, имам да жауапқа тартылады. Бұл шарттар практикалық тұрғыдан мүлде мүмкін емес нәрсе. 16-17-18 дегі бала дегеніңіз соқталдай жігіт, оны кім мешітке ертіп апарып жүреді?

Ата-анасы мешітке барып дәріс алғанын қалаған күннің өзінде бар жұмысын тастап, онымен бірге жүре алмайды. Сондай-ақ, қазіргі ата-ананың көпшілігі баласының діни білім алғанына, мешітке баруына қарсы болуы мүмкін. Әсіресе, экстремизм, терроризмнен үркіп қалған халық өзі білмей тұрған нәрсеге баласының барғанын құптамайды. Ал дінге қызыққан бала не істейді? Балалар көбінесе 15 жастан бастап дінге қызығушылық танытып, ізденеді. Ал біз мешіт секілді дұрыс білім беретін орындардың әлгіндей шарттармен жолын жауып тастасақ, бала ендігі жерде дінді тасада, қадағалаусыз үйрене бастайды. Интернеттен қарайды. Жасырынып дінге жақын деген достарын жағалайды.

Рухани ізденісте, дінге қызығушылық танып жүрген балаларды өз қолымызбен әр түрлі радикалды топтардың еркіне беріп қоямыз ба деген қауіп бар. Меніңше, мешітке сену керек. Баланы қадағалағаннан гөрі, мешіттерді, дін қызметкерлерін қадағалау керек. Мұндай шектеулер мен күрделі шарттар қоғамды экстермизмнен сақтамайды, керісінше көбейтеді. Жастардың дінге бет бұруына бөгет жасайды. Мен министр Нұрлан Ермекбаев мырзаға да, орынбасары Берік Арын мырзаға да, бала мешітке ата-ананың қадағалауымен барсын десеңіздер, ол шектеуді кәмелеттік жасқа дейін деп емес, жасөспірім, яғни 14 жасқа дейін деп белгілеуді ұсындым. Сонымен қатар, ата-ана баласының қай мешітке баратынын, ұстазының кім екенін білсін, келісім хатын жазып берсін, бірақ ата-ананың біреуі  баламен бірге жүрсін деген шартты алып тастайық деген ұсынысымды жеткіздім. Заң қазір қоғамның талқылауында. Ендігі жерде Парламент, Сенат, өзге де атқарушы органдар, қоғамның белсенді мүшелері талқылай отырып, халқымызға тиімді шешімге тоқталар деген үміттеміз.

 

АРАБ ЕЛДЕРІНІҢ БІЗГЕ БЕРЕР ТҮГІ ЖОҚ

– Дінді мемлекетіміздің өркендеуіне ықпал ететіндей етіп қолдануымыз үшін бізге қандай ислам керек?

– Қазір Араб елдерінің бізге берер түгі жоқ. Осыны терең ұғынайық! Араб елдері фанатизмге, Құранды тура мағынасында түсінуге, діннің сыртқы көрінісіне көп көңіл бөліп кетті. Сондықтан біз бұрынғы түркілік исламға қайта үңілуіміз керек.

Түркілік Ислам деген не? Мен бұрын Құран біреу, хадис белгілі болса, неге мұсылмандықты түркілік, т.б. деп бөлуіміз керек деп ойлайтынмын. Зерттей келе, түркілердің Ислам дінін мүлде бөлек түсінгеніне көзім жетті. Әрине, ислам дінінің мызғымас, бұлжымас қағидалары болады, оларды ешкім өзгерте алмайды. Тармақ мәселесіне келгенде біз ислам дінін өзгеше түсіне білгенбіз. Ислам бізге бөлек қырынан гүл боп ашылған. Ғылым-білімнің, құқықтың сананың гүлзарына айналған. Жүрек іліміне мән берген, діннің сыртқы көрінісінен бұрын ішкі мәніне, астары мен түпкі мақсатына үңіле білген. Мәселеге тұтастай қарай білген. Мауреннахр, Орта Азия даласының ғалымдары әлемде көптеген жаңалықтар ашқан. Басқа халықтарға үлгі боларлық іс-әрекеттер атқарған. Біз әлі де әлемге мұсылман елі қандай болуы керек екенін көрсете аламыз. Ол үшін өзіміздің түркілік Ислам моделін, Түркілік Ислам толеранттылығын қалыптастыруымыз керек.

Бұл дегеніміз – дінге намаз, ғибадат, құлшылық деп қана емес, оған өмір, өнер, ғылым деп қарау. Ақыл-санаға, ойға еркіндік беріп, мәдениет пен білімді қатар алып жүру. Адамгершілікке, тазалыққа, мейірімге негізделген діни түсінік. Абайдың: «Адам-
заттың бәрін сүй, бауырым деп» межелеген биігіне көтерілу. Радикализмнен аулақ, адамсүйгіштікке тәрбиелейтін идеяны дамытуымыз керек. Интеллектуал мұсылмандарды тәрбиелеуіміз керек. Ал егер біз қоғамның діндарлануынан қорқып, түрлі шектеулерді қарастыратын болсақ, дін қалай болса, солай тарай бастайды.Сонда нағыз Пәкістан мен Ауғанстан боламыз.

– Ал дінсіз қоғамның қаупі қандай?

– Дінсіз қауымды өзің де білесің, жойылып барады. Мысалы, түбіміз бір якут, тува, саха секілді ұлттар ұстап тұрған дін болмағаннан кейін тілдерінен де, құндылықтарынан да айырылып, ұлт ретінде жойылып барады. Бірнеше мың саны ғана қалды. Өздері Иван, Саша, Наташа болып жүр. Дінсіздік те бізді ұлт ретінде жойылуға әкеліп соқтырады.

 

ЕРМЕКБАЕВ УӘДЕСІНДЕ ТҰРДЫ

– Баспасөзде, телеарнада, интернет ресурстарында өткір-өткір мәселелерді көтеріп, өз ойыңызды ашық айтып жүресіз. Бұдан билік өкілдерінің сізге деген көзқарасы өзгереді деп ойламайсыз ба?

– Дін саласында көп жылдар бойы білім алған маман ретінде Қазақстандағы мұсылман үмметінің мәселелерін көтеруге тиіспіз деп ойлаймын және ол біздің ең басты міндетіміз. Дін маманы ретінде мұсылманшылықтың мүддесін қорғамасақ, онда біздің оқығанымыздан не пайда? Лауазымды мансапта отырғанымыздан не қайыр? Қазір біздің елде азаматтық қоғам қалыптасып жатыр, демократиялық даму жолына қадам бастық, сөз бостандығы да біршама ілгерілеуде. Сондықтан біз өзімізді толғандырған мәселелерді ашық айтуға тиіспіз және бұл демократиялық қоғамның көрінісі. Әр сөзді өз өлшемімен халықты дүрліктірмей, жоқ жерден байбалам салмай жөнімен айтсақ, кімнің не айтып жатқанын билік өзі саралап, түсінеді деп ойлаймын. Мен көтерген мәселенің бірі – қоғамдық орындарда жаппай жабылып қалған намазханалар жайлы болатын. «Кеңес дәуіріне қайтіп келдік пе, экстремизммен күрестің түрі осы ма?» дедім. Намаз оқитын өз отандастарымыз бен шетелдік азаматтар қоғамдық дәретханада дәрет алып, намаздарын қайда болса, сонда оқып жатқандығын жеткіздім. Тіпті, діні бөлек батыс елдерінде әуежайлар мен қоғамдық орындарда арнайы намазханаға орын бөлінген деген уәж айтып, мәселе көтердім. Бұл көтерген мәселені дін министрі дұрыс қабылдады. Нұрлан Ермекбаев мырза уәдесінде тұрды. Жақында ғана қоғамдық орындардағы намазханаларды қайта ашатын шешім шығарды. Биліктегі басшылар қандай да бір шешімдеріне қарсы пікір  білдірген тұлғаларды жек көрмеуі тиіс. Керісінше олардың айтқан пікірлері орынды болса,  қолдап, жөнсіз болса, жан-жақты түсіндіріп отырса ғана біз нақты демократиялық қоғам қалыптастыра аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Назым ДҮТБАЕВА

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар