Су тапшылығы 50%-ға дейін жетуі мүмкін: Қазақстан неге қауіп аймағында?

Сағыныш Сардарова 08 сәу. 2026 09:37

Қазақстанда климаттың өзгеруі елдің су ресурстарына тікелей әсер етіп отыр. Бұл - экономикалық тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды факторлардың бірі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Qazaq Expert Club сарапшысы Қуаныш Өзбековтің айтуынша, кейінгі жылдары Жайық, Тобыл, Ертіс және Есіл өзендеріндегі су деңгейі төмендеп келеді. Сонымен қатар, Балқаш пен Каспийдің су айдындары да қысқарып жатыр. Климаттық цикл де өзгерген: қыс жылынып, қардың жиналу және еру тәртібі бұзылған. Соның салдарынан судың бір бөлігі уақытынан бұрын топыраққа сіңіп немесе буланып, су қоймаларына жетпей қалады.

Сарапшы 2024 жылғы оқиғалар елдің осал тұстарын айқын көрсеткенін атап өтті. Су тасқыны кезінде 170 мыңнан аса адам үйін тастап шығуға мәжбүр болды, мыңдаған нысан су астында қалды. Бұл - құрғақшылыққа қарама-қайшы құбылыс емес, керісінше климаттың тұрақсыздығы мен инфрақұрылымның дайын емес екенінің көрінісі.

Болжамға сәйкес 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы қажеттіліктің жартысына дейін жетуі мүмкін. Ал 2050 жылға қарай бұл мәселе елдің жалпы ішкі өнімін 6%-ға төмендетуі ықтимал. Демек, бұл тек экологиялық емес, экономикалық қауіпке айналып отыр.

Қосымша қиындық - экономиканың суға тәуелділігі жоғары. Бір өнімге жұмсалатын су көлемі шамамен 109 текше метрге жетеді. Бұл АҚШ пен Ресеймен салыстырғанда 2,5 есе, ал Аустралиядан 5 есе көп. Мұндай көрсеткіш су ресурстарын тиімсіз пайдалану мен кей салалардағы технологиялық артта қалуды аңғартады.

Жағдайды география да күрделендіреді. Өзен ағынының жартысына жуығы елден тыс жерде қалыптасады, ал Қазақстан трансшекаралық бассейндердің төменгі бөлігінде орналасқан. Бұл елді көрші мемлекеттердің су саясатына тәуелді етеді және өңірлік ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді.

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде институционалдық шаралар қолға алынған. 2025 жылғы сәуірде жаңа Су кодексі қабылданып, онда алғаш рет "су қауіпсіздігі" ұғымы енгізілді. Құжатта 20 жаңа су қоймасын салу, 15 нысанды жаңарту және 14 мың шақырым суару желілерін қалпына келтіру қамтылды. 2030 жылға қарай су шығынын 25%-ға азайту жоспарланған.

Дегенмен, сарапшының пікірінше, басты мәселе - іске асыру. Тамшылатып және жаңбырлатып суару секілді заманауи технологиялар су шығынын екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бірақ оларды кеңінен енгізу қажет.

Қуаныш Өзбековтің айтуынша, Қазақстан қазір маңызды таңдаудың алдында тұр. Су үнемдейтін технологияларды енгізу қарқыны, цифрлық бақылау мен ресурстарды басқарудың жаңа тәсілдері елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Ал қабылданатын шешімдер алдағы ондаған жылдағы су қауіпсіздігін айқындайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove