Air Astana қызметкері жолаушы мен оның отбасы мүшелерінің әуе сапарлары туралы мәліметтерді сотқа ұсынған. Бұл ақпаратқа ол әуе компаниясындағы қызметі арқылы қол жеткізген. Сот мұны азамат пен оның туыстарының жеке деректерін жария ету деп бағалады, деп хабарлайды dalanews.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап.
Оқиға Шымкенттегі соттардың бірінде қаралған қаржылық дауға байланысты белгілі болған. Талапкер қарсы тараптың материалдық жағдайын көрсету үшін оның барлық әуе сапарлары мен жақын туыстарының ұшулары туралы мәліметтерді сотқа тапсырған.
Белгілі болғандай, бұған дейін әйелдің адвокаты ресми түрде Air Astana компаниясына сұрау жолдап, осы ақпаратты беруді талап еткен. Алайда әуе компаниясы мұндай мәліметті жариялаудан бас тартқан. Соған қарамастан деректер кейін талапкердің қолына түсіп, іс материалдарына тіркелген.
Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартып, Шымкент прокуратурасының атына жеке қаулы шығарды. Енді қадағалау органы әуе компаниясы қызметкерінің әрекетінде жеке деректерді заңсыз жинау және тарату белгілері бар-жоғын тексеруі тиіс.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес, жеке өмірге қол сұғу және дербес деректер туралы заңнаманы қызметтік жағдайын пайдаланып бұзу бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін.