Әлеуметтік желілерде Д. Қонаев атындағы университет жатақханасында қыздың соққыға жығылғаны түсірілген видео тарады. Жарияланымдарда жанжалға қатысушылардың бірі прокуратура қызметкерінің қызы екені айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметтерге сәйкес, төбелеске Абай облысындағы прокурордың қызы мен Атырау облысындағы полиция қызметкерінің қызы қатысқан. Редакция сауалына жауап берген Атырау облыстық полиция департаменті істің Алматыда қаралып жатқанын хабарлаған.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, екі қыздың арасында жеке бас араздығынан жанжал туындаған. Кейін ол төбелеске ұласқан. Оқиға болған кезде қатысушылардың бірі кәмелетке толмаған болған.
Полиция екі тараптың да дене жарақатын алғанын мәлімдеді. Жеңіл дәрежедегі денсаулыққа зиян келтіру фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы аясында сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ведомство өкілдері жанжалға қатысқан екі тараптың әрекетіне де құқықтық баға беріліп жатқанын айтты. Істердің бірі бойынша сот шешімі шығып, Абай облысының тумасы кінәлі деп танылып, оған қоғамдық жұмыстар жазасы тағайындалған. Ал Атырау облысының тұрғынына қатысты іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.
Қадағалау органының мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде тараптардың біріне қолдау көрсетіліп жатыр деген мазмұндағы жалған ақпараттар тарап кеткен.
«Әлеуметтік желілерде істің қаралу барысы туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыратын және тараптардың біріне қамқорлық жасалып жатыр деген ақпараттар таралуда. Бұл мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді.
Қақтығысқа қатысушылардың туыстық, қызметтік немесе өзге де байланыстары процессуалдық шешім қабылдауға әсер етпейді және әсер ете алмайды. Заң алдында бәрі тең», – деп мәлімдеді прокуратура.
Қазір тергеу барысы Алматы қаласы прокуратурасының бақылауында.