Қазақстанда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң ресми түрде қабылданды. Көп жылдан бері жануарларды қорғаушылар мен қатаң шараларды қолдаушылар арасында пікірталас бар, жұрт арасында да "енді көшелер қауіпсіз бола ма?" деген сұрақ өзекті болып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның пікірінше, бұл заңды тек жануарларды қорғау мәселесі ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару сапасы және бюджет шығынының тиімділігі тұрғысынан қарастыру қажет.
Оның айтуынша, халық аулаларда, мектептер мен тұрғын үй кешендері маңында қауіпсіздік күшейгенін қалайды. Сондықтан қаңғыбас иттердің шабуылын елемеу мүмкін емес.
Талқылау кезінде жарияланған мәліметке сәйкес 2022 жылы 243 мыңнан аса жануар ауланса, 2026 жылдың басында бұл көрсеткіш 276 мыңнан асқан. Ал иттердің адамдарға шабуыл жасау дерегі 36 мыңнан 41 мыңға дейін өскен.
Заңның соңғы нұсқасында "бес күннен кейін жою" тетігі алып тасталды. Енді эвтаназия жасау туралы шешім ветеринарлық қорытынды негізінде қабылданады. Сонымен қатар, басты назар чиптің болуына емес, жануар иесі бар-жоғына аударылған. Соған қарамастан, заңда қаңғыбас жануарларды көшеден қайтарымсыз аулау тәртібі сақталған.
Сарапшының айтуынша, 2022 жылдан бері жануарларды аулау, зарарсыздандыру және вакцинациялауға 14,5 млрд теңге жұмсалған. Бірақ бұл қаңғыбас жануарлар санын азайта алмаған.
Ол мәселе тек қолданылған модельде емес, оны орындау сапасында екенін атап өтті. Жануарларды есепке алу жүйесі, мердігерлердің ашықтығы, иелерінің жауапкершілігі мен өңірлерге ортақ талаптар болмайынша, ешбір тәсіл тиімді нәтиже бермейді.
Қаржыгердің сөзінше, қайтарымсыз аулау қысқа мерзімде көшедегі иттердің санын азайтуы мүмкін. Алайда жануарларды далаға қараусыз жіберу және бақылаусыз көбейту мәселесі шешілмесе, жағдай қайталануы ықтимал.
Сарапшы өңірлердегі айырмашылықты да мәселе ретінде атап өтті. Себебі кейбір өкілеттіктер жергілікті билікке берілгендіктен, әр аймақта заң әртүрлі орындалуы мүмкін.
Оның пікірінше, ірі қалаларда панажайлар мен еріктілер бар болғандықтан жүйелі жұмыс жүруі ықтимал. Ал ресурсы шектеулі аудандарда мәселені ең оңай тәсілмен, яғни жаппай аулау арқылы шешуге ұмтылу қаупі бар.
Венера Жаналина Қазақстан халықаралық тәжірибені де ескеруі керек деген пікірде. Мәселен, Үндістанда жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және қайта жіберу жүйесі қолданылады. Бірақ ол да тек ауқымды әрі тұрақты орындалғанда нәтиже береді.
Ал Еуропа елдерінде негізгі назар жануарларды тіркеу мен бақылауға аударылған. Онда міндетті чиптеу, тіркеу және жануарды тастап кеткен иелерінің жауапкершілігі басты рөл атқарады.
Сарапшы тұрақты нәтиже үшін жануарларды міндетті тіркеу мен чиптеу, бақылау, иелерінің жауапкершілігін күшейту, ашық есеп жүйесі және барлық өңірге ортақ талаптар қажет екенін атап өтті.