Трамп Польшаға 5000 сарбаз аттандырмақ

Трамп Польшаға 5000 сарбаз аттандырмақ
Evan Vucci-Pool/ Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Польшаға қосымша 5000 әскери қызметкер жіберілетінін мәлімдеді. Ол бұл шешімді Польша президенті Кароль Навроцкиймен жақсы қарым-қатынасымен байланыстырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Дональд Трамп Truth Social желісінде Польшадағы қазіргі президенттің сайлануын қолдайтынын айтып, АҚШ елге әскери қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Алайда Ақ үй басшысы бұл толықтай жаңа әскери контингент пе, әлде бұған дейін Польшаға жіберілуі тоқтатылған 4000 сарбаздан тұратын бронь бригада ма, ол жағын нақтыламаған.

Айта кетейік, 13 мамырда америкалық БАҚ Пентагон Польшаға 4000 әскери қызметкер жіберу жоспарын тоқтатқанын хабарлаған еді. Басылымдардың мәліметінше, бұл шешім Дональд Трамптың Еуропадағы америкалық әскер санын қысқарту жоспарына байланысты қабылданған.

Ал Польша әскери басшылығы бұл ақпаратты БАҚ арқылы білгеніне наразы болған. Бұған дейін АҚШ Германиядан да 5000 әскери қызметкерін шығаратынын хабарлаған еді. Бұл шешім Германия канцлері Фридрих Мерцтің АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әрекетін сынағаннан кейін жарияланған.

Мамырдың ортасындағы мәліметке сәйкес Польша аумағында шамамен 7400 америкалық әскери қызметкер орналасқан. Кейінгі жылдары АҚШ Еуропада жалпы саны 100 мыңға жуық сарбаз бен офицерді орналастырған. Оның 65 мыңнан астамы тұрақты негізде қызмет етеді.