1954 жылы Сантьягодан ұшып, кейін 35 жылдан соң қайта пайда болды делінетін 513-рейс туралы оқиға әлі күнге дейін көпшіліктің қызығушылығын тудырып келеді. Бұл дерек нақты дәлелденбегенімен, авиация тарихындағы ең жұмбақ әрі қорқынышты аңыздардың бірі ретінде жиі айтылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 1954 жылдың 4 қыркүйегінде болған деп баяндалады. Сол күні бортында 88 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі бар ұшақ әдеттегі рейс ретінде сапарға шыққан. Жолаушылардың арасында ерекше күдік тудыратын адамдар болмаған, ал ұшақта қандай да бір құпия немесе қауіпті жүк болмағаны айтылады.
Алайда әуе кемесі ұшқаннан бірнеше сағат өткен соң, Атлант мұхитының үстінде кенеттен радардан жоғалып кеткен. Ұшақтан ешқандай апат дабылы түспеген, экипаж да байланысқа шықпаған. Мамандар әуелде лайнер мұхитқа құлаған болуы мүмкін деген болжам жасаған. Бірақ апат орны да, сынықтары да табылмаған соң, бұл жағдай тіпті жұмбақ сипат ала түскен.
Уақыт өте келе 513-рейс туралы әңгіме ұмытыла бастаған. Сол кездегі газеттер бұл оқиға туралы жазғанымен, нақты жауап табылмаған соң, жұрт та біртіндеп оны естен шығарған.
Алайда аңыз бойынша, 1989 жылы Бразилияның Порту-Алегри әуежайында белгісіз ұшақ радарда пайда болған. Диспетчерлер экипажбен байланыс орнатуға тырысқанымен, ешкім жауап бермеген. Соған қарамастан ұшақ әуежайға қонған.
Қауіпсіздік қызметкерлері әуе кемесіне жақындағанда, оның сыртында Santiago Air Lines деген жазуды көрген. Бұл компания 1956 жылы жабылып қалған деп айтылады. Ең таңғаларлығы, ұшақтың борт нөмірі 513 болған. Яғни бұл 1954 жылы жоғалып кеткен рейспен сәйкес келген.
Қызметкерлер бортқа кіргенде, одан да қорқынышты көрініске тап болғаны айтылады. Ұшақ ішіндегі жолаушылар мен экипаж мүшелері қаңқаға айналған екен. Ал ұшақты кімнің және қалай қондырғаны белгісіз күйінде қалған.
Осы оқиғадан кейін түрлі болжам тараған. Біреулер ұшақ уақыт пен кеңістіктегі белгісіз құбылысқа тап болуы мүмкін деп түсіндірген. Яғни біздің әлемде 35 жыл өтсе де, ұшақ үшін басқа өлшемде санаулы минут қана өткен болуы ықтимал деген жорамал айтылған.
Дегенмен бұл оқиғаға сенбейтіндер де көп. Көптеген зерттеушілер 513-рейс туралы деректі нақты тарихи факт емес, газет бетінде туған аңыз немесе ойдан шығарылған оқиға болуы мүмкін деп санайды. Өйткені мұндай апат туралы ресми авиациялық дереккөздерде нақты мәлімет жоқ.
Соған қарамастан, "35 жылдан кейін оралған ұшақ" туралы әңгіме жұртты әлі күнге дейін қызықтырады. Бірі оны уақыт кеңістігіне қатысты жұмбақ құбылыс деп қабылдаса, енді бірі жай ғана қалалық аңыз ретінде қарайды. Қалай болғанда да, 513-рейс туралы оқиға адам қиялын қозғайтын ең тылсым авиациялық хикаялардың бірі болып қала берді.