Қостанай облысындағы Тобыл қаласының мұсылман зиратында қабір басындағы гүлдер, көшеттер, тіпті гранит орындықтардың жоғалып жатқаны тұрғындардың наразылығын тудырды. Зардап шеккендердің арасында Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның отбасы да бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Марқұмның анасы Ұлтуған Жұтаева қызының қабіріне күн сайын дерлік барып тұратынын айтады. 29 жастағы Сәлима Жұтаева Ақтау маңындағы ұшақ апатында көз жұмған. Алайда ауыр қайғыны бастан өткерген отбасы енді зираттағы ұрлыққа тап болып отыр.
Туыстарының сөзінше, алдымен қабір басындағы тірі гүлдер жұлынып кеткен. Кейін мәрмәр мен граниттен жасалған орындықтың бөлшектері ұрланған. Артынша қымбат көшеттер де қазып әкетілген.
"Биыл көшеттерді ұрлап кетті, былтыр мәрмәр мен граниттен жасалған орындықты алып кеткен. Адамдардың бұған қалай қолы барады? Біз әлі де осы қайғыдан айыға алмай жүрміз. Жалғыз қызым еді. Небәрі 29 жаста болатын, өмірі енді ғана басталған еді", – дейді Ұлтуған Жұтаева.
Кезекті ұрлықтан кейін отбасы қабір басына құлып салынатын қақпа орнатқан. Бірақ бұл да ұрыларды тоқтатпаған. Олар қоршаудың сыртында өсіп тұрған көшеттерді алып кеткен.
"Бір күні келсек, жоқ. Бір жыл бойы күтіп-баптадық, қыста жауып, жазда суарып жүрдік. Қабір басынан мұндай нәрсені ұрлау үшін қандай адам болу керек?" – деді марқұмның туысы Руслан Жұтаев.
Жергілікті тұрғындар мұндай жағдайдың жиілеп кеткенін айтады. Олардың сөзінше, басқа қабірлерден де шырша, құмыра, гүл және түрлі заттар жоғалып жатыр. Тобыл тұрғыны Айгүл Шәріпова зиратта күзет те, камера да, қоршау да жоқ екенін айтып, қауіпсіздік мәселесін көтерді.
Полиция қабір басынан шыршаның ұрлануына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қостанай облысы полиция департаментінің хабарлауынша, құқық бұзушылыққа қатысы бар адамды анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқан Сәлима Жұтаеваның анасы да полицияға арыз түсірген. Ол кінәлілер жазаланып, зират аумағына қоршау мен күзет қойылады деп үміттенеді.