ЕҚДБ бұған дейінгі Қазақстан экономикасы өсіміне қатысты өз болжамын өзгертті

Кәмшат Тілеухан 13 мам. 2025 16:43 249

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанның алдағы екі жылдағы экономикалық өсіміне қатысты жаңа болжамын жариялады. Оған сәйкес, қаржы институты сарапшылары бұған дейінгі есебіндегі Қазақстан экономикасы өсіміне қатысты болжанған 5,2% көрсеткішті 4,9% деңгейіне дейін төмендетті, ал 2026 жылғы болжам 4,5% көлемінде өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ЕҚДБ сарапшыларының айтуынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанына Қазақстан жоғары экономикалық көрсеткішпен қадам басты: нақты ЖІӨ-нің өсімі 8,3%-ды құрады. Мұндай өсімге қаңтар айының соңынан бастап Теңіз кенішіндегі мұнай өндірісі көлемінің ұлғаюы әсер еткен.

"Алайда Қазақстанның ОПЕК+ ұйымы аясындағы міндеттемелеріне байланысты өндіріс көлемін ұлғайтуда бәрібір шектеулерге ұрынуы мүмкін. Әсіресе, 2024 жылғы артық өндірген мұнайдың орнын толтыру туралы талапты ескерсек, жағдай күрделене түседі. Дегенмен, ОПЕК+ ұйымының биыл сәуір айында қабылдаған квоталарды біртіндеп арттыру туралы шешімі Қазақстан үшін біраз жеңілдік әкелуі мүмкін", - дейді қаржы институты сарапшылары.

ЕҚДБ есебінде экономикалық өсім мұнай өндірісі мен экспорттың ұлғаюы және бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен қолдау табатыны айтылады. Алайда, негізгі экспорт бағыты саналатын Қытайдың Қазақстан мұнайы мен басқа да шикізат түрлеріне деген сұранысының төмендеуі айтарлықтай тәуекелдер тудырып отыр.

Сонымен қатар еліміздегі жоғары инфляция мен қатаң ақша-несие саясаты тұтыныс деңгейін төмендетуі ықтимал. Биыл наурыз айында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтеріп, сәуірде де осы деңгейде сақтап қалған болатын. Мұндай қатаң саясат бюджет шығыстарының артуы, тұтынушылық несиелеудің белсенділігі және теңге бағамына жасалған қысым салдарынан инфляциялық тәуекелдерді тежеуге бағытталған.

"Алдағы уақытта ҚҚС-ты (НДС) көтеру сияқты қарастырылып отырған салық реформалары инфляцияны одан әрі күшейтуі мүмкін. Бірақ салық түсімдерінің артуы бюджет кірісін көбейтіп, Ұлттық қорға деген тәуелділікті біртіндеп төмендетуге ықпал етеді. 2025 жылы нақты ЖІӨ өсімі 4,9%-ды құрап, ол 2026 жылы 4,5%-ға дейін баяулайды деп болжанады", – дейді сарапшылар.

Орталық Азиядағы жалпы ахуалға тоқталған ЕҚДБ сарапшылары өңір елдерінің экономикалық көрсеткіштері ішкі сұраныстың жоғары болуына, мемлекеттік инвестициялар мен сырттан келетін ақша аударымдарының тұрақтылығына және туризм маусымының табысты өтуіне байланысты жақсы деңгейде сақталады деп болжайды. Инфляция деңгейі тұтыныс сұранысы, энергетикалық тарифтердің өзгеруі мен ұлттық валюталардың әлсіреуі салдарынан жоғары болып қала бермек.

Өңірдің экономикалық перспективасына Қытай экономикасының жағдайы айтарлықтай ықпал етеді. Әсіресе, экспортының басым бөлігі Қытай нарығына бағытталған Моңғолияға қатысты қауіп жоғарырақ. Дегенмен, халықаралық резервтердің жоғары деңгейі сыртқы экономикалық тәуекелдерге қарсы сенімді қорғаныс болып отыр.

Жалпы, ЕҚДБ Орталық Азия елдерінде (Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан) 2025 жылы орташа экономикалық өсім 5,5%-ды құрайды деп болжайды. Бұл бұған дейінгі болжамнан 0,2 пайыздық тармаққа төмен. Ал 2026 жылғы өсім көрсеткіші бұрынғы деңгей – 5,2% деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды.

Бұған дейін сайтымызда "Сауда соғысын жүргізуші АҚШ пен Қытайдың ымыраға келуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар