Енді тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алулар жүргізуге тыйым салынады

Кәмшат Тілеухан 19 жел. 2024 15:53 603

Қазақстанда тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алулар жүргізуге тыйым салынады. Себебі тауар биржалары шағын және ұсақ бизнес қатарынан шығарылады. Бұл туралы бүгін Сенат қабырғасында сенатор Шәкәрім Бұқтығытұтов мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.

"Тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алулар жүргізуге тыйым салу, жосықсыз қатысушылардың тізімін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тауар биржасына қосылу үшін төленетін жарналардың бірыңғай жоғарғы шегін белгілеу ұсынылды.  Брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау енгізіледі. Тауар биржалары арқылы сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта өткізу мерзімін 2025 жылдан 2030 жылдың қаңтарына дейін ауыстыратын құжат әзірленді", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдардың жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты барлық шешім прокурормен келісілетін болады. Бұл тексерулерді тағайындауға, субъектінің қызметін тоқтата тұруға немесе рұқсат қағазынан айыруға, сондай-ақ инвестордың пайдасына бұрын шығарылған мемлекеттік органның шешімінің күшін жоюға қатысты болып келеді.

Жалпы, оның айтуынша, елімізде өндірілмеген тауарлар бойынша биржалардағы ахуал көптеген жылдар бойы ішкі өндірістің дамуына кедергі келтіріп келген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша биржалық сауда көлеміндегі елішілік құндылықтың үлесі небәрі 6,5%-ды құрады.

"Осыған байланысты қарастырылып жатқан заңнамалық түзетулерде Үкімет пен монополияға қарсы органның құзыретін кеңейту көзделген. Атап айтқанда, сауда және интеграция министрлігі атынан уәкілетті ведомство тауар биржаларының қызметіне талдау және мониторинг жүргізетін болады, БҚДА заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың заңды кәсіпкерлік қызметке араласпауын қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер бар", - деп толықтырды депутат.

Ол бүгіндері Қазақстанда сегіз тауар биржасы жұмыс істеп жатқанын, олардың айналымы монополияға қарсы органның мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 10 айында шамамен 1,3 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Бұл ретте айналымның 60%-ын, негізінен, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алатын стандартталмаған тауарлар құрайды. Сондықтан жаңа түзетулерде "стандартталған тауар", "стандартталмаған тауар" және "стандартты аукцион режимі" ұғымдары алынып тасталмақ.

Сенат екі оқылымда тиісті заңды мақұлдады.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар