Еңбек еткен адам кез келген салада табысқа жетеді – кәсіпкер

Сұхбаттасқан Қуаныш Ермекова 18 ақп. 2024 11:35 1430

Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі бағдарлама бар. Тіпті, кәсіпкерлер аяққа тұрып алуы үшін қайтарымсыз гранттар да беріледі. Қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау жан-жақты жүргізілуде деп нық сеніммен айтуға болады. Кереке десеңіз, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та отандық кәсіпкерлермен жиі кездесіп тұрады. Президент Жолдауында да кәсіпкерлерге қатысты нақты тапсырма беріліп, олардың отандық экономикадағы орны аталып өтеді. Мысалы Мемлекет басшысы біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керегін, ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет екенін атап өткен болатын.

«Орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені, оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек», – деген болатын Президент өз Жолдауында.

Елімізде шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтардың бірі – Алматы облысының тумасы Арман Алпысбаев. Жасы небәрі 21-дегі азамат жиһаз кәсібімен айналысып, табыс тауып отыр. Жас кәсіпкер нәпақасын тауып отырған еңбегі мен кәсіптік жолы жайлы баяндады.

 

– Ең алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз?

– Жасым 21-де. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көлащы ауылында тұрамын. Жоғары оқу орнын оқып жүрген кезімде кәсіпке толық бет бұрамын деп шештім. Барлық уақытымды кәсіпке арнаймын деп жоғары оқу орнын 1 курста тастап кеткенмін.

– Кәсіп саласында жүргеніңізге көп болды ма? Кәсіпкерлікке жалпы қалай келдіңіз?

– ⁠18 жасымнан бастап кәсіппен айналысып бастадым. Бастапқыда онлайн дүкен ашып көрдім. Ол кезде ойыншық, аяқ киім, киім секілді заттарды сата бастадым. Артынша кәсіпкерлік білім іздене келе орташа чегі жоғары саламен айналысуға шешім қабылдадым. Осылайша жиһаз саласына бет бұрып, бастап кеттім.

– Өз кәсібіңіз жайлы айта кетсеңіз?

– Жиһаз саласын бастағаныма 2 жыл уақыт болды. Қазіргі таңда дайын өндіріс орындарымен көтерме бағада алып сатуға келісіп, жұмыс істеп жүрміз. Қазақстан бойынша онлайн сауда жасаймыз.

– Ең алғаш кәсіпті қолға алып, бастаған кезде қандай да бір қиындықтар болды ма?

– ⁠Бастапқы кезде, әрине, қиындықтар болды. Ең алдымен, біліктіліктің жетіспеуі. Екіншіден, сапалы өндіріс орындарын табудың өзі үлкен бір жұмыс болатын. Оларды тауып қана қоймай, өндіріс орындарымен келісе білу де біршама еңбек пен уақытты талап етеді.

Үшіншіден, бізге Қазақстанның түрлі қаласынан тапсырыс түсіп тұрады. Сондықтан басқа қаладағы клиенттерімізге жиһаздардың жеткізілу сапасы да жақсы әрі жоғары болуы маңызды. Қазір олардың бәрін оңтайлы шешіп, елдің түкпір-түкпіріндегі сатып алушыларымызбен жақсы жұмыс істеп жатырмыз.

– Қазіргі жұмыс қарқыныңыз қалай? Жасырын болмаса табысыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз.

– ⁠Қазір ай сайынғы айналымымыз – 25 миллион теңгедей. Оның ішінде 2-3 миллион теңге таза табыс болып жатыр. Уақыт өткен сайын жиһазға деген халықтың сұранысы мен талғамы да өсіп жатыр.

– Елімізде жиһаз кәсібі табысты деп ойлайсыз ба?

– ⁠Қазақстанда жиһаз жасау арқылы жақсы табыс табуға болады деп айта аламын. Жиһаз ғана емес, барлық сала табысты. Тек онымен жолын тауып, беріліп айналысу керек. Сонымен қатар, көп нәрсе адамның еңбек қабілетіне де байланысты. Еңбек ете білген адам кез келген салада табысты болары сөзсіз.

– Кәсіп – тәуекелмен байланысты. Сіз кәсіп үшін тәуекелге барған кездеріңіз болды ма?

– Әрине, ондай жағдайлар болды. Мысалы басқа қаладағы клиенттерімізге алдын ала ешқандай ақша алмай-ақ тапсырысын жіберген кездеріміз болды.

Қазіргі таңда әртүрлі адамдар бар ғой. Адал адамдар да бар, алдап кететін адамдар да кездесіп жатады. Бірақ жиһазымыз жеткен соң сатып алушыларымыз төлемін жасады.

Одан бөлек, Өзбекстаннан жиһаздар алдырған кезіміз болды. Ол кезде олар туралы толық білмедік. Қазір ондай нәрсенің бәрін ескеріп жүреміз. Себебі, осы уақытқа дейін айтарлықтай тәжірибе жинадық деуге болар.

– Кәсібіңізде қандай да бір тоқырау, қиыншылық болған кездер болды ма?

– Тоқырау да, қиындық та кез келген кәсіпкердің басынан өтетін жағдай. Бізде қаржы тарапын дұрыс жүргізбегеннен болған қиындықтар бар. Ауқымды сауда жасап жүрген қоймаларымызбен дұрыс есептеспей, ақша жоғалтып алған кездеріміз болды.

– Елімізде кәсіпкерлерге жағдай жасалған деп есептейсіз бе?

– Елімізде кәсіпкерлерге көп жағдай жасалған. Бірақ өкінішке орай ол туралы барлық кәсіпкерлер немесе жастар біле бермейді. Тіпті, біздің елімізде жергілікті кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді шетелден келген кәсіпкерлер келіп, көріп, байқап жатады. ⁠

Тек еңбектенуден бұрын білім алған дұрыс деп ойлаймын. Егер білім болса 1 апта еңбектеніп жасалған жұмысты, 3 күнде орындаудың шешімін табуға болады.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

 

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар