"Ең қымбат сайлау". АҚШ-тағы президент сайлауына қанша ақша жұмсалды

Кәмшат Тілеухан 06 қар. 2024 14:18 1553

АҚШ-тың 47-ші президентінің сайлауы ел тарихындағы ең қымбаты болды. Президенттіктен үміткерлер Камала Харрис пен Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде  3,5 млрд доллардан астам қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Financial Times газеті Камала Харрис сайлау науқанына 2,3 млрд доллардан астам қаражат тартып, оның 1,9 миллиардын, ал Дональд Трамп 1,8 млрд доллар тартып, 1,6 миллиардын жұмсағанын нақтылайды.

Ақшаның көп бөлігі жарнама мен әкімшілік шығындарға кеткен.

Басылым Дональд Трамптың сот шығындарын жабуға 100 млн доллардан астам қаражат жұмсағанын (барлық қаражаттың 14%) атап өтті, өйткені оған қатысты бірнеше сот процестері жүргізілген, кейбірі қазір де жүріп жатыр. Бір қызығы, республикашылар мен демократтар дауы саны "құбылмалы" жеті штатта - Аризона, Джорджия, Мичиган, Невада, Пенсильвания, Солтүстік Каролина және Висконсиндегі жарнамаларға 1,5 миллиард доллардан астам қаражат жұмсапты. Мысалы, тек 19 сайлаушысы бар Пенсильвания штатында сайлау компаниясы 400 млн доллардан астам қаражат жұмсаған.  

Егер ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы кейбір президенттікке үміткерлердің бюджеттерін салыстыратын болсақ, онда Forbes мәліметтері бойынша мынандай цифрлар шығады:

  • Джо Байден өзінің сайлау науқанына 1,15 миллиард доллар жинап, жұмсаған;
  • Хиллари Клинтон - 768 млн  доллар;
  • Барак Обама - 721 млн доллар;
  •  Митт Ромни - 449 млн доллар;
  • Джордж Буш (кіші) -367,2 млн доллар;
  • Билл Клинтон - 116 млн доллар;
  • Рональд Рейган - 40 млн доллар.

Сайлауға ақша қайдан алынады?

Заң бойынша, АҚШ президенттігіне үміткерлер сайлау науқандарын өз қаражаттары, жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылықтарынан, партиялық қорлардан түскен, сондай-ақ әртүрлі қолдау қорлары арқылы жиналған қаражаттан қаржыландыра алады.

Партиялық бюджет пен жеке қаражаттардан бөлек, АҚШ-та сайлау науқандарын сырттай қаржыландыру да қарастырылған. Сонымен қатар елде Саяси іс-қимыл комитеттері деген бар (Political Action Committee-PAC).

PAC – жеке және заңды тұлғаларға ормандарды қорғау туралы жаңа заңдарды қабылдаудан бастап ғарыштық зерттеулерді бюджеттік қаржыландыруды ұлғайтуға дейінгі белгілі бір саяси міндеттерді жүзеге асыру үшін ақша жұмсауға мүмкіндік беретін құрылымдар.

Одан бөлек Саяси белсенділік жөніндегі суперкомитеттер де бар (Super PAC). Бұл кандидаттың сайлауалды штабымен тікелей байланысты емес құрылым, бірақ заңды түрде оны қолдауға (немесе қарсыластарына қарсы шабуылдарға) шектеусіз соманы жинауға және жұмсауға мүмкіндік беретін ұйымдар. Суперкомитеттер қаражатты тікелей партияларға немесе кандидаттарға жібере алмайды, бірақ оларды қолдау үшін жиналған қаражатқа қызмет көрсете алады, мысалы, жарнамалық кампаниялар жүргізу дегендей.

АҚШ-тың салық қызметіне жататын әлеуметтік, негізінен жергілікті деңгейдегі басқа да мемлекеттік емес ұйымдар бар. Олар салықтан босатылады және саясатқа араласуға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, сыртқы донорлар деген бар. Бұл - Американың бай адамдары. 100-ден астам байлар тізімін Джордж Сорос (Soros Fund Management) бастап, ал Грэг Таллман (7wireVentures) түйіндейді. Мысалы, 2017 жылы The Daily Telegraph Сорос демократиялық партия атынан түскен үміткер Хиллари Клинтонды жақтап, оған шамамен 25 млн доллар бергені айтылады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар