Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Ресейдің террористер мен экстремистер тізіміне енгізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, Ресей билігі оны Telegram қолданушыларына жаппай бақылау жүргізу және мессенджерде цензура енгізу туралы талаптарды орындаудан бас тартқаны үшін аталған тізімге қосқан.
«Ресей заңнамасына сәйкес, маған интернетте ақпарат жариялауға тыйым салынды. Ресей шенеуніктері интернетте кімнің кімді бұғаттай алатыны мәселесінде шатасып қалған сияқты», – деп жазды Дуров Telegram-арнасында.
Осылайша, Павел Дуров өзіне қатысты шешімге мысқылмен жауап беріп, Ресей билігінің әрекетін сынға алды.
Еске салайық, 30 шілдеде Ресей Павел Дуровты террористер мен экстремистер тізіміне енгізген болатын.
Сонымен қатар, Ресей Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялағанын хабарлаған едік. ФСБ мәліметінше, Telegram әкімшілігі ресейлік арнайы қызметтердің нұсқасы бойынша террорлық әрекеттер мен басқа да қылмыстарды ұйымдастыру үшін пайдаланылған арналарды, чаттарды және боттарды жоймаған, деп жазады РИА Новости.
Сонымен қатар, Аустралия билігі Telegram мессенджеріне қарсы сотқа жүгінді. Елдің электронды қауіпсіздік жөніндегі реттеушісі eSafety платформаны терроризмді насихаттайтын материалдарды дер кезінде жоймаған деп айыптап отыр.