Қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов ұлттық валюта бағамының неге тұрлаусыз болып тұрғанын, оның неге ары-бері шайқала беретінін түсіндірді. Ол бұл құбылыстың ұзаққа созылатынын болжайды. Яғни, қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамптың президенттігі кезеңінің өн бойында. Ал валюталарды майша "шайқаған" Трамптың күйттегені не? Мұның жауабын сарапшының желідегі жазбасынан білуге болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Расул Рысмамбетов Telegram арнасындағы өз жазбасында БЖЗҚ ақшасының "отыруына" байланысты белгілі бір алаңдаушылығы барын жазыпты. Жазбаны сол күйінде аударып, өз назарларыңызға ұсына кетелік.
"Бұл арада ақша жоғалту жайына емес, өткен жылғы қорға де сатып алынған долларларға қатысты бас қатып тұрғаны.
Жалпы, сараптама нарығы Үкімет теңге бағамына тікелей әсер ететін ауқымды инфрақұрылымдық шығындармен бетпе-бет келіп отырғанын байқап отыр. Демек, теңге бағамының әлсіреуі күтіледі, сәйкесінше БЖЗҚ өз қоржынындағы валюталық активтер үлесін 40% - ға дейін арттыра отырып, доллар арқылы бағамды нығайтуға қарай қадам жасайды.
Валюталық активтер - бұл АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары (ФРЖ облигациялары), басқа дамыған елдердің осы секілді қағаздары, тез дамып келе жатқан, бірақ дамушы елдердің МБҚ-сы (emerging market) және ірі, беделді компаниялардың облигациялары.
Классикалық жағдайда зейнетақы активтерін басқаруда (зейнетақыны басқару қарапайым активтерді басқарудан мүлдем өзгеше) бастысы – ақшаны көбейту емес, сақтау. Қазіргі ақша теориясы бойынша ақша қандай да бір валютаға тәуелділігіне қарамастан, инфляция арқылы үнемі құнын жоғалтып отырады. Сондықтан да зейнетақы активтерін басқарушылар қолдағы барды сақтап қалу үшін барын салып, жанталасады. Тәуекелділігі жоғары мәмілелер оларға қол жетімді емес, өйткені оларға ақша салуға рұқсат етілмейді. Бейнелеп айтқанда, барлық зейнетақы ақшасына «жас бұқаларды сатып алып, бордақылап, соғым кезінде сатамын, пайдаға кеңелемін» деген бұл арада жүрмейді.
Трамп ағамыз өзі жүргізген келіссөздерімен біздің ғана емес, әлемдік нарықты да аздап шайқап алды. Трамптың Путинмен сөйлесу кезінде рубль күшейіп, теңгенің де еңсесін өзімен бірге тіктеді. Міне, БЖЗҚ-ның теңге түріндегі активтерінің төмендеуі деген осыдан келіп шығады. Алайда, менің бажайлауымша, мұндай тербеліс Трамптың бүкіл президенттік ету кезеңінде жалғаса береді. Ал ол долларды да, сонымен қатар мұнай бағасын да түсіргісі келеді. Ал мұндай жағдайда не болуы еді? Әрине, алтын мен криптовалютаның құны өседі!
Менің ұққаным, қазір Ұлттық банк БЖЗҚ-ны басқарушысы ретінде қазір тұрақты активтерді іздестіріп жатыр. Бүгіндері бүкіл әлем бойынша активтер менеджерлерінің тең жартысы осылай шарқ ұруда.
Менің ойымша, әлемдік нарықтың көптеген ойыншылары доллар мен евродағы бағалы қағаздарға деген сұранысты азайтып, крипто пен алтынды көптеп сатып ала бастағанға дейін бағамның осы шайқалғаны шайқалған күйіне қала береді.
Міне, Ұлттық Банк те наурыз айында не істейтінін айтып, өз жоспарымен бөлісті:
- республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қордан 700 млн-нан 800 млн долларға дейін сатуды жоспарлап отыр. Менің білуімше, Ұлттық банк долларды шыңына жеткенде сатады, сондықтан осы айда теңгенің күрт нығаюы болмайды.
- бұдан бөлек алтынға қатысты шағылыстыру практикасы да жалғасады, бұл ретте наурыз айында шамамен 250 млрд теңге сомаға валюта сату жоспарланып отыр, яғни көлемі шамамен 500 млн АҚШ доллары. Бұл арада да аталған шара бағаның шыңында іске асырылады, сондықтан мұндай сатылымдар валюта нарығындағы секірістер мен құлдырауларды теңестіруі керек.
- Ұлттық Банк БЖЗҚ-дағы валюталық үлесті 40% деңгейінде ұстап тұру үшін АҚШ долларын сатып алуды қайта бастайды. Наурызда сатып алуға қатысты жоспарлы көлем 250 млн АҚШ долларынан аспайды. Бұл, әрине, ерекше жағдай. Валюта портфелінің кері балансы маңызды болып табылады, бірақ нарықты алаңдатпау немесе бұрмаламау үшін мұндай мәмілелерді оффлайн режимінде жүргізген дұрыс болар. Дегенмен екінші деңгейдегі банктер де өз валютасының бір бөлігін сатқысы келіп, екі алақандарын ысқылап отырған жайы бар.
Кеше Ұлттық Банк БЖЗҚ үшін доллар сатып алу үрдісін қайта жалғастыратындарын мәлімдеді. Сондай-ақ осы сипатта сайтымызда "БЖЗҚ үшін валюта сатып алу үрдісі наурызда теңге бағамын әлсіретуі мүмкін - Halyk Finance" деген материал жарияланды.