БЖЗҚ үшін валюта сатып алу үрдісі наурызда теңге бағамын әлсіретуі мүмкін - Halyk Finance

Кәмшат Тілеухан 04 нау. 2025 14:27 870

Сарапшылар осыған дейін нығайып келген ұлттық валюта бағамы наурыз айында әлсірейді деп болжайды. Әрі бұған Ұлттық Банктің күні кеше жариялаған шешімі ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Атап айтқанда, орталық банк алдында тыйып қойған БЖЗҚ үшін доллар сатып алу үрдісін қайта жаңғыртпақ. Мұндайда Halyk Finance Талдау орталығының болжамынша, осы айда 1 АҚШ долларының құны 505-515 теңге болуы ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Halyk Finance Ұлттық Банк наурыз айында республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қордан 700 млн-нан 800 млн долларға дейін сатуды жоспарлап отырғанын айта келе, бұдан бөлек шағылыстыру практикасы да жалғасатынын, бұл ретте наурыз айында шамамен 250 млрд теңге сомаға валюта сату жоспарланып отырғанын нақтылайды. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің 50% -ын міндетті сату туралы норма қолданыла береді.  Ақпан айында бұл операциялардың көлемі шамамен 274 миллион долларды құрады.

Сонымен бірге Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу тәжірибесін қайта бастау ниетін жариялады. Бұл ретте Ұлттық Банк теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ зейнетақы жарналарының түсуіне байланысты БЖЗҚ зейнетақы активтерінің ағымдағы валюталық үлесі 40%-дан төмен деңгейге дейін төмендегенін жеткізді.

"Осыған байланысты Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліне АҚШ долларын сатып алуды қайта бастайды. Наурызда сатып алуға қатысты жоспарлы көлем 250 млн АҚШ долларынан аспайды. Валютаны сатып алу нарықтық конъюнктураға байланысты жүзеге асырылады", - деді реттеуші орган.

Halyk Finance Талдау орталығы Ұлттық Банктің осы мәлімдемелері аясында наурыз айында теңгеге шаққанда америкалық валютаның бағамы қалай өзгеруі мүмкін екенін болжады.

"Наурызда мұндай сатып алулардың көлемі 250 млн доллар деңгейінде жоспарлануда. Нәтижесінде, Ұлттық Банктің валютаны нарықтағы таза сатуы ақпандағы 1,1 млрд доллармен салыстырғанда шамамен 1 млрд долларды құрайды. Осыны ескере отырып, наурыз айында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы аздап көтерілуі мүмкін және бір АҚШ доллары үшін 505-515 теңге аралығында болады деп болжаймыз",  - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Мәдина Қабжалалова.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар