Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллар бағамының өзгеруіне қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ұлттық банк кешелі бері арнайы шаралар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Нарықтағы теңгерімді сақтау үшін Үкіметтің тапсырмасымен жыл соңына дейін 900 миллион долларды теңгеге айырбастап, бюджетке аудару туралы шешім қабылданған. Біз орташа жылдық бағамды 470 теңге деңгейінде деп есептеп, қаржылық жоспарымызды сол көрсеткішке негіздедік”, – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар тілшілер Байбазаровқа дефолт болуы мүмкін деген әңгімелердің жиілеп кеткенін де алға тартты.
Министрдің айтуынша, елде ешқандай дефолт күтілмейді.
“Қаржы жағдайы жалпы алғанда тұрақты, мемлекеттің резервтері бар. Сондықтан қандай да бір дефолт туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Импортқа келетін болсақ, бізде азық-түлік емес, ең алдымен құрылыс материалдарына, жабдықтар мен техникаға тәуелділік бар. Бұл бағытта жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр”, – деді Байбазаров.
Оның сөзінше, валюта бағамы үкімет назарында.
"Валюта бағамының динамикасын бақылап отырамыз және менің ойымша, бірінші тоқсанда оның қай бағытта қозғалатыны шамамен белгілі болады", - деді ол.