Түркістан облысындағы «Киберқылмысқа қарсы күрес» қызметкерлері орын алған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық және кибер сауаттылығын арттыру бағытында профилактикалық іс-шараларды жүйелі ұйымдастырып келеді. Аталған топ қазіргі таңда ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру жолындағы «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын қолға алып отыр.
Киберқылмыспен күрес департаменті құрылды
Түркістан облысы ІІД криминалдық полиция басқармасының аға анықтаушысы Ермек Шәкім өңірде түрлі алаяқтыққа қалай қарсы тұратынын айтты.
Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың ақпан айында алдап, қаражатты көбейтемін немесе инвестиция арқылы ақша табу мүмкіндігін беремін деп уәде беріп, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, 160 млн теңге сома шығын келтірген 24 жастағы азамат ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілген.
Сонымен қатар облыста 12-14 қараша аралығында республика бойынша «Алаяқтыққа қарсы» жедел алдын алу шарасы жүргізілген. Осы іс-шара барысында жәбірленушілерді алдап, қаражатты көбейту мақсатында олардың атына несие рәсімдеп, алдап кеткен 34 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның әрекетінің салдарынан жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 337 миллион теңгеден асқан.
Сондай-ақ Алматыда полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желіде жалған парақшалар ашып, жиһаз сату және жеткізу қызметімен айналысып, жәбірленушілерді алдап, ақшасын жымқырған 23 жастағы жігітті ұстады. Оның үстінен облыс бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
– Интернеттегі алаяқтық қазіргі заманның нағыз індетіне айналып, халыққа айтарлықтай зиянын тигізіп отыр. Қыркүйек айында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтар зардап шегетін алаяқтықпен және соған байланысты құқық бұзушылықтармен күресу үшін шешуші шаралар қабылдауды тапсырған. Бұл бағытта интернет-алаяқтықпен күресу бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде, – деді Ермек Шәкім.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста интернет-алаяқтық бойынша 454 факті тіркеліп, оның 196-сы сотқа жолданған. Бұл қылмыстардың ашылу көрсеткіші 44,5 пайызды құрады. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 қарашасында Интернеттегі алаяқтықпен тиімді күресу үшін Ішкі істер министрлігінде киберқылмыспен күрес департаменті құрылды.
– Жақын арада Түркістан облысында киберқылмыспен күресетін дербес бөлім ашу жоспарланып оытр. Интернеттегі алаяқтықпен күресу үшін әлеуметтік желілерде де парақшалар ашылды, онда жәбірленушілер өз арыздары мен шағымдарын жасырын түрде жібере алады. Интернет-алаяқтықпен күресу жұмыстарын оңтайландыру мақсатында өткен жылы «CyberPol» жедел тобы құрылды, ол қажетті компьютерлік техникамен, арнайы бағдарламалармен және қызметтік көліктермен жабдықталған, – деді спикер.
Ермек Шәкім интернет-алаяқтықтың алдын алудың негізгі әдістерінің бірі алдын алу шараларын жүргізу екенін атап өтті. Осыған орай, CyberPol қызметкерлерінің бастамасымен блогерлер мен актерлар сияқты танымал тұлғалардың қатысуымен ескерту роликтері шығарылуда. Сауда орталықтары, кинотеатрлар, мәдениет үйлері мен базарлар сияқты халық көп жиналатын орындарда алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Іс-шаралар әлеуметтік желілер арқылы да өткізіледі.
– «Түркістан-БТО» ЖШС азаматтарға таратылатын коммуналдық төлемдер бойынша «Абайлаңыз, алаяқтар!» ақпараттық материалдарын орналастырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалымен жұма күндері мешіт-медреселерде, сондай-ақ мәдени-спорттық бағдарламалар өтетін орындарда мәдениет және туризм басқармасымен «Интернет алаяқтарынан сақ болыңыз» тақырыбында ақпараттық шаралар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, CyberPol қызметкерлері Түркістан облысындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерімен интернеттегі алаяқтықтың алдын алу мақсатында кездесулер өткізуде. Интернет-алаяқтық қылмыстарымен күресті насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде «cyber_polisia_turkistan» аккаунты ашылып, профилактикалық фото және бейнероликтер жариялануда, деді Ермек Ералыұлы.
Түркістан облысының криминалдық полициясы ағымдағы жылдың сәуір-тамыз айларында тұрғындарға алаяқтық туралы ескертетін 20 000 ақпараттық парақшалар мен 6 000 стикерлер дайындап, таратты.
Сондай-ақ облыс бойынша LED-экрандар мен билбордтарда интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпараттық материалдар мен бейнероликтер тұрақты түрде жарияланады.
– Облыс аумағында орналасқан ірі сауда орталықтары мен базарларда аудио-видео роликтер тұрақты түрде жарияланады. Түркістан қаласында орналасқан кинотеатрларда басқарма әзірлеген интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетілуде. «CyberPol» қызметкерлері интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерді үнемі қадағалап отырады, – деді спикер.
Сондай-ақ Ермек Шәкім өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қалай қорғау керектігі туралы кеңес берді.
– Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың түрлері мен әдістері күн сайын өсіп, жаңаруда. Сондықтан әрбір қоңырауға мұқият болуды, күдікті хабарламаларға, жарнамалар мен ұсыныстарға сенбей, дереу полицияға хабарлауды ұсынамын. Сондай-ақ, банктердің, полицияның және ұялы байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан телефон соғып, жеке шотыңыздың деректемелерін немесе ұялы телефоныңызға келетін кодты сұрамайтынын есте сақтаңыз, – деді ол.
Киберкеңістікте ақпаратты тұтыну мәдениеті талқыланды
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық әлеуметтік даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-де «Киберкеңістікте ақпаратты тұтыну мәдениеті» тақырыбында семинар өтті.
Шараның мақсаты – киберкеңістікте ақпаратты тұтыну мәдениетін арттыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмысты жетілдіру.
Семинардың модераторы Түркістан облысының әлеуметтік даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев болды.
Жиынға Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, БАҚ өкілдері, жастар, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ аудандық, қалалық филиалдарының мамандары қатысты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі – топ жетекшісі Ербол Тұрсынбаев, клуб төрағасының мазмұнды баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлердің басқосуы Ерсұлтан Әмірбек пен «Түркістан» телеарнасының басқарушы директоры Жанна Жайлаубайқызы трансфердің негізгі ерекшеліктері мен жауапкершілігі туралы сындарлы пікірлерімен және пайдалы тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ семинарға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Ақпарат және киберқауіпсіздік басқармасының қызметкері Сәкен Әуесбеков пен департамент бастығының орынбасары Қуанышбай Жұмаділдаев қатысты. Түркістан облысының полиция басқармасы. Семинар барысында қатысушылар белсенділік танытып, өз пікірлерімен бөлісті.
Шара соңында кофе-брейк ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.
Киберполицейлер 337 млн теңге зиян келтірген интернет-алаяқты ұстады
Түркістан облысында киберполицейлер интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 34 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті жәбірленушілердің сеніміне кіріп, қосымша ақшаны уәде етіп, олардың атына онлайн несие рәсімдеген.
Алған ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Тексеру барысында оның 87 алаяқтық ісіне қатысы бар екені дәлелденіп, соның салдарынан жәбірленушілерге 337 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. Сондай-ақ полицейлер интернет-алаяқтықпен айналысқан 22 жастағы жас жігітті де анықтады. Ол Алматыда ұсталды.
Полицейлер күдіктінің әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру қызметін ұсынатын фейк парақшалар ашып, жәбірленушілердің тапсырыстарын қабылдап, ақшаларын ұрлағанын анықтады. Қазіргі уақытта оның Түркістан облысында төрт, республика бойынша 18 алаяқтық фактісіне қатыстылығы анықталды. Тергеу жалғасып жатыр. Айта кетейік, бұл қылмыстар «Алаяқтыққа қарсы» жедел-алдын алу шарасының бірінші күні ашылды. Жалпы, Түркістан облысының полицейлері аталған іс-шаралардан бөлек, шара өткізілген бір тәулікте бұрын жасалған бес қылмысты ашып, 18 бірлік контрафактілік өнім тәркіледі.