Олар Қазақстанды орыстілді ел деп ойлайды, өйткені. Өздері орыстілді болғасын, ортасы да сондай. Олардың ортасын, олардың ой-түсінігін осы күнге дейін ешкім бұзып-жарған емес. Ешкім олардың қытығына тиген жоқ. Мемлекеттік саясат осы күнге дейін қазақша түсінбейтін, қазақша сөйлей алмайтын биліктің буынын тәрбиелеп келді және әлі де тәрбиелей беретін түрі бар.
Орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын адам қазақ басылымдарын қайтсін, бір жағынан. Түсінбейді ғой. Ондай адамды біздің не жазып жатқанымыз қызықтыра ма?
Әйтпесе, әлгі Келімбетовті қазақ газеттері орыс басылымдарынан кем сынаған жоқ. Девальвацияның себебін, салдарын, қалай және неден болғанын қорықпай айтты. Мәсімовтің де тас-талқанын шығарғанбыз, талай рет. Үкіметтің жұмысындағы кемшіліктерді көзіне шұқып көрсеткенбіз. Шөкеев те сын садағына іліккен. Ол басқарып отырған «Самұрық-Қазына» мемлекеттің ақшасын қайда жұмсап, қайда кетіріп жатқанын талай мәрте жіліктеп жазған едік, мына біз. Бірақ, олар бәрібір де меңіреу.
Бізді неге мойындамайды? Себебі, оқымайды. Оқи алмайды. Оқыса да, біздің сын олардың қызметіне әсер етпесін, былайша айтқанда атынан аудара алмасын біледі.
Тым тар ойлап отырған жоқпыз ба?
Жарайды, ендеше басқа тұрғыдан келейік. Анығында қазақ басылымдарына Келімбетовтен, Мәсімовтен, Исекешовтен «тірі» сұхбат алу қалай болса да абырой. Бірақ, біздің билікке, жалпы шенеуніктерге ресейлік басылымдарға шыққан мақтан.
Мынадай жағдай болыпты.
Қазақстан футбол федерациясының әзіргі президенті Ерлан Қожағапанов қызметіне тағайындалған алғашқы апталарда бір қазақ газеті:
«Ереке, келіп жатыр екенсіз, құтты болсын, бізге сұхбат берсеңіз, нендей өзгеріс болады оны да айта отырсаңыз» деген өтінішпен шығыпты.
«Менің қызметке тағайындалғаным кеше ғана, қазір сұхбат берудің реті жоқ. Асықпаңдар, кейін көрелік» деген Қожағапанов журналистерді босағадан шығарып салыпты. Журналистер білдей федерация басшысының сөзіне сенеді. Сенбей қайтсін. Қазақ журналистерін «әдемі» шығарып салған Қожағапанов екі ай өтпей жатып «Советский спорт» газетіне көсіліп тұрып сұхбат береді. Жалғыз Қожағапановта ғана емес, жалпы биліктегі беделді шенеуніктердің барлығында бар ауру бұл...
Әйтпесе, Келімбетовтің қайдағы бір Bloomberg-те несі бар? Британдық басылымға сұхбат берген Ұлттық банктің экс-төрағасы Қазақстанды Орта Азиядағы Сингапурге теңеген, Сингапурмен теңескенімізді дәлелдегісі келген. Bloomberg-тің Келімбетовтен сұхбат алуға асықпағаны және Келімбетовтің бұл басылымға тегін шықпағаны анық. Кім үшін, не үшін сонда? Мұнымен не айтқысы келді? Қазақстанның Сингапурге айналғанын Келімбетов әлемге емес, алдымен қазақстандықтардың өзіне дәлелдеу керек еді ғой? Оның сұхбатындағы, керек десеңіз, қиялындағы Қазақстан мен «шын Қазақстанның» арасындағы айырмашылық – жер мен көктей...
Үкіметбасы Мәсімов те ресейлік телеарналарға, газет-журналдарға сұхбат беруге ұмтылып, асығып тұрады. Анау-мынау емес, эксклюзивті сұхбат береді. Қазақстанның қалай дамып, қалай қарыштап жатқанын дәл осы ресейлік арналар, газет-журналдар арқылы айтып жеткізгісі келеді. Тағы да кім үшін, не үшін? «Кремльге есеп береді» дейді кейбіреулер. Кім білсін...
Әсет Исекешов Индустрия және сауда министрі болып тағайындалған кездегі алғашқы сұхбатын «Капитал.kz» порталына берген. Қалай ойлайсыз, қазақ газеттері оған дәл осындай өтінішпен шықса, Әсет келісер ме еді? Әй, қайдам...
Айтпақшы, КТК-дағы Артур Платоновтың алдынан біздің билік өкілдерінің барлығы дерлік өтіп шықты. Платоновты «пірге» айналдырған да солар...
Ал қазақтілді сегмент ше?
Біздің ілгеріде «тірі сұхбат» деуіміз де тегін емес. Себебі, осы күнге дейін біз (қазақ газеттерін айтамыз) биліктің ең беделді деген шенеуніктерінің барлығымен сырттай сөйлесіп шықтық. «Сіздер сұрақ жіберіңіздер, біз жауабын салып жібереміз» дейді. Осының арқасында Сәрінжіпов, Исекешовтармен әлденеше рет сұхбаттасқанбыз. Өкініштісі, әңгімелері – «өлі». Өйткені қолдан құрастырылған. Ана жақтан, мына жақтан жинастырылған есеп берулер...
Біз, оқырманның алдында ұяттымыз.
Қазақ газеттері неге өтпейді немесе бізді неге сатып алмайды? Әлде Қазақстан шынымен де орыстілді ел ме? Әлде біздің менеджмент, маркетинг дұрыс емес пе?
Елімізде газет сататын бірнеше компаниялар бар. «Караван», «Номад Пресс», «Дауыс», тағысын тағы. Солар газеттердің өзін үш санатқа бөлетінге ұқсайды.
Бірінші санат «А»: бұл сатылымға шыға сала, қолдан-қолға тұрмай өтіп кететін басылымдар. Аттарын да білдік: «Аргументы и факты», «Жизнь» (бұл екеуі – Ресейдікі), «Время», «Общественная позиция», ішінара «Караван» бар.
Екінші санат «Б»: бұлар аз да емес, көп те емес – орта деңгейде өтетін газеттер. Бастысы, өтеді. Бұл санатта тағы да орыс басылымдары жүр. Орыс басылымдары дегенде басшылығы Мәскеуде, филиалы осында отыратын басылымдар. Көпшілігі өсек-аяң жазады. Біздің емес, ресейлік жұлдыздардың кіммен сүйіскенін, кіммен ажырасқанын сөз етеді.
Үшінші санат «С»: өтпейтін газеттер. Әлгі газет сататын компания өкілдерінің айтуынша, бұған бүкіл қазақ газеттері кіреді екен. Иә, бүкілі, барлығы. Неге?
Қазақ газеттері неге өтпейді немесе бізді неге сатып алмайды? Әлде Қазақстан шынымен де орыстілді ел ме? Әлде біздің менеджмент, маркетинг дұрыс емес пе?
Жоқ, бәрі дұрыс (қашанғы өз-өзімізден кемшілік іздейміз?). Іс жүзінде орыс басылымдарының озып бара жатқан дәнеңесі жоқ. Кейбіреуінің аты ғана бар, таралымы – нөл. Жоқ, рас. Интернет оларды да оңдырмады. Бірақ, билік бәрібір де орыстілді сегменттің сөзімен санасады. Олардың сынынан қорқады. Оларға сұхбат береді. Неге?
Думан БЫҚАЙ